Сирияға кеткен қазақстандықтар елге оралуды қаламайды

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев Сирияда түрлі қарулы топтар құрамында 30-дан астам қазақстандық жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «РИА Новости»ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Елшінің айтуынша, Сириядағы кейбір қазақстандықтар елге оралғысы келмейді. Олар азаматтық алуды жоспарлап, тұрақты тұруға қалуға ниетті.
«Сириядағы жекелеген топтардың құрамында 30-дан астам қазақстандық бар. Көпшілігі елге қайтуға ниет білдірмейді, кейбіреулері Сирия азаматтығын алып, сонда қалғысы келеді. Сонымен қатар, күрд жасақтарының бақылауындағы «Аль-Холь» және «Родж» лагерлерінде 10-нан астам отандасымыз бар. Олар да Қазақстанға оралғысы келмейді», – деді Абаев.
Дәурен Абаев Сириядан елге оралған қазақстандықтардың елдің қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселе қазақстандық арнайы қызметтердің бақылауында.