Смановтың ақидасын шенеунік қалай «анықтай салды»?

0
971

Дін істері комитетінің шенеунігі Көшқалиев Смановтың ақидасын қалай анықтады? Мүфтияттағы құпия дереккөзім ертеректе жіберген құжаттарды ақтарып отырып бір қызыққа тап болдым. 2017 жылы адвокат (қазір депутат) Абзал Құспанның сұрауына берілген жауап хатқа бұрын мән бермеппін. Сөйтсем, қызықтың көкесі сонда екен.

Неге екені белгісіз, Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиевке оралдық адвокат Абзал Құспан Сарыағаш медресесінің директоры Әбдіғаппар Смановтың (коронавирус кезінде қайтыс болды) білімін анықтау үшін сұрау жібереді.

Әрине, Атыраудағы Көшқалиев Сарыағаштағы Смановтың кім екенін қайдан білсін, білмеген соң ол адвокаттың сұрағын мүфтиятқа жолдайды.

Ә.Сманов жөніндегі сұрауға сол кездегі наиб мүфти Наурызбай Өтпенов жауап береді. Сауысқандай сақ Өтпеновтің жауабында артық ауыз сөз жоқ: Смановтың діни һәм зайырлы білімін тізіп шығып, мәлімет хатты Көшқалиевке жолдайды.

Басқарма басшысы Қ.Көшқалиев адвокат Құспанға жолдаған хатта наиб мүфти Н.Өтпенов берген мәліметті тізіп шығады да, соңына Ә.Смановтың Ханафи мазһабын ұстанатынын және Матруди ақидасымен жүретін қосып қояды.

Сонда қалай болғаны, шенеунік Қ.Көшқалиев Ә.Смановтың ойында не бар екенін қалай білген?!. Әлде ол Смановтың миына кіріп шықты ма екен?!.

Смановтың жалдамалы адвокаты болса да этика бойынша «Әбдіғаппар — Ханафи мазһабында һәм Матруди ақидасында» деп айтуға ауызы бармайды ғой.

Ал мемлекеттің шенеунігі Қ.Көшқалиев жанынан сөз қосып жіберіпті… Сондай-ақ, адамның Ханафи мазһабын һәм Матруди ақидасын ұстануы оны діни радикализм мен экстремизмнен алшақтата алмайтыны тарихи оқиғалармен сан мәрте дәлелденген.

Мысалы, Ауғанстандағы саяси билікті соғыспен басып алған, көп елдерде террорлық ұйым деп танылған «тәліптер» («Талибан») де, өзбек-қырғыз шекарасында ылаң салған Жұма Наманганидің содырлары да өздерін Ханафи мазһабында һәм Матруди ақидасында екенін айтады.

Қазір Астана қаласы Дін істері басқармасының басшысы қызметін атқарып отырған Қ.Көшқалиев осыны біле ме екен?!.

Білмесе, Көшқалиев секілді шенеуніктер мемлекеттік қызметте неге отыр?!. Дін істері комитетіне де басшылық жасайтын министр Аида Балаева қарамағындағы мемлекеттік қызметкер этикасын түсінбейтін, функциясын дұрыс атқармайтын шенеуніктерден арылуға тиіс қой…

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото автордың парақшасынан.