Сонда бабаларымыз тозақта жатыр ма?
«Қазақ әлмисақтан бері мұсылман» деп жатады ғой, осы діндарлар. Сонау Өзбек ханнан бастап, Абай, Ыбырай, Шоқанды да мұсылман «етіп жатыр» уағызшылар.
Жақсы, келістік, делік. Алайда қазақтың тарихы Абайдан немесе Өзбек ханнан басталмайтынын ұмытпайық. Олай болса, қазақ даласына Ислам діні келгенше өмір сүрген ата-бабаларымыз кім болды? Егер дүмшелердің пайымына салсақ, Исламның бес шартын орындамаған, дінге куәлік келтіріп, сөз бермеген кез келген пенде о дүниеде тозақта жанады-мыс.
Олай болса, түркілер дәуірінде жазылған, қазақ даласында бүгінге дейін сақталған 2000-3000 жылдық тарихы бар тастағы таңбалардың иелері о дүниеде тозақта жанып жатыр ма?
Жә, оларды да қоялық, кешегі Кеңес дәуірінде «ала жіпті аттамай», ешкімге қиянат жасамай, ешкімді жылатпай, адал өмір сүрген ата-апаларымыздың 70-80 пайызы атеист болды. Сонда олар да дүмшелер айтқандай, тозақта лапылдап жанып жатыр ма?
Оларды қоя берші, Мұхаммед пайғамбарға уахилар 40 жасында келе бастаған. Сонда пайғамбардың өзі сол жасқа дейін атеист болды ма? Ал пайғамбарға дейінгі оның ата-бабасы мұсылман болмады ғой? Сонда олар да кәпір болып, тозақта жанып жатыр ма? Өйткені нағыз Ислам діні Мұхаммед пайғамбардан бастау алады емес пе?
Айналайын, дүмшелер, уағыз айту деген осы екен деп, беталды лағып, бос сөйлей бермей, ақылдарыңды да іске қоссаңдаршы.
Біле білсеңдер, Кеңес дәуірінің 85-90 пайыз адамы адал болды, ең басты ұстанымы — ұят, обал болды. Қазіргідей шімірікпестен өтірік айтатын кісі аз еді. «Кеңес одағы қазақты қырды» деп кесе-көлденең от тастаудың керегі жоқ. Мен де оны жоққа шығармаймын.
Алайда адами құндылықты сақтауда кеңестік азаматтар оқ бойы озық тұрды. Ал қазір дүмшелер жайлаған сауатсыз қоғамда ағып жатқан қанды есептеген кім бар? Сталиннің қылышынан қазіргі дүмшелердің тілі өткір болғаны сонша, зорланған бала, таяқ жеуден көз ашпаған қыз-келіншектің саны миллиондап саналады.
Қорыта айтқанда, діни сенімді тықпалаудың да өз реті болатынын ұмытпайық.
Әділхан АРЫСБЕК, Семей қаласынан.
Democrat.kz.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.