Тәңіршілдерді трендке айналған ба?

0
226

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов «Abay Live» бағдарламасында діни топтарға қатысты ойын айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат өзін діни топтармен ештеңе байланыстырмайтынын айтты.

«Менің ұстанымым — өзіміздің қазақи ата-бабамыздың тастап кеткен діні. Қай ханды, қай батырды алсаңыз да солардың өсиетімен, солардың тастап кеткен дінін қолымыздан келгенше ұстануға тырысамыз.

Өзіміздің аталарымыздан, ата-анамыздан көрген нәрселерді сақтаймын. Мен фанатизмге, ағымдарға қарсы адаммын. Бірақ қасымда христиан да, агностик те, атеист те, мұсылман да, буддист те бар.

Менің достарым көп. Оларды бөліп-жармаймын. Дін — жүрек мәселесі. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бастысы, біз фанатизмге кірмеуіміз керек», — деді ол.

Руслан Берденов тәңіршілдік жайлы да сөз қозғады.

«Қазір тренд пайда болды. Тәңіршілер пайда болды. Діни сезім — ол сенің ішкі дүниең. Ол сенің сыртыңа, қасындағы адамдарға әсер етпеуі керек. «Менікі дұрыс, сендердікі дұрыс емес» деуге болмайды. Сенікі дұрыс па, сол «дұрыспен» жүре бер.

Оны басқаларға айтудың не қажеті бар? Біреудікі бұрыс па, өзі біледі, уақыт келе өзі түсінеді. Осы ұстанымды ұстанып, бір-бірімізге мейірімді болсақ, қоғамды жөндейтін — сол нәрсе. Қазір бөлінудің қажеті жоқ», — деді депутат.

Фото интернеттен алынды.