Теріс діни ағымдар туралы мифтер

0
457

Халық арасында діни ағымның қаупі айтылғанымен, оған қандай нәрсе тән екені көпшілік үшін беймәлім. Сол үшін де жұрт діни ағым туралы қате түсініктерге ие.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты дінтану орталығының ғылыми қызметкері Нұрмұхаммед Мейманхожа діни ағым туралы кең таралған мифтер мен олардың ақиқатын айтып берді.

Діни ағым дегеніміз –  белгілі бір діннен бөлініп шығып, жеке мектебін шығарған субтоп немесе идеологиялық бағыт. Бұл ағымдар көбіне негізгі діннің дәстүрлі түсініктеріне қарсы тұрып, өзіндік көзқарастарын көтеруі мүмкін.
Ол діни ағымға қатысты мифтік ұғымдарды түсіндірді.

“Қоғамда көптеген діни ағым өкілдеріне қатысты түрлі пікір бар. Мысалы, «такфир» сияқты ағымды жастарға әділдікті орнатушы, қылмыспен күресуші, күнәлі іске қарсы топ деп көрсетеді. Оларды “батыр” санайды”, – деді маман.

1-миф. Теріс діни ағымдардың бәрі исламмен байланысты.

Ақиқаты – кез келген дінде теріс ағым болуы мүмкін. Діни ағым деп тіркелмеген ұйымдарды айтады. Маман христиан, будда діндерінде де түрлі ағымдар барын түсіндірді.

“Бүгінде христиан дінінде де көптеген ағымдар тіркелген. Сол себепті олар енді жаңа бағыт болып саналады”, – деді ол.

2-миф. Теріс діни ағым өкілдерін түр-әлпетінен анықтауға болады.

Ақиқаты – олардың нақты бір ортақ белгілері жоқ. Сондықтан діни ағымдағы жұртты қарапайым адамдардан ажырату қиын. Айтуынша, олар адамдардың назарын өздеріне аударып, кейін әңгімеге тартуға тырысады, ортаға қосудың амалын іздейді. Қазір олар халықтың арасында, адамдар көп жүретін жерлерде назарға ілінбейтін кейіпте жүреді.

3-миф. Исламдық бағыттағы теріс діни ағымдағылар қазақ ұлтынан, христиандық бағыттағы теріс діни ағымдар славяндықтардан тартады.

Ақиқаты – өзге дінге арбаушылар адам талғамайды. Өз жақтастарының санын көбейту үшін қазір қазақ тілінен бөлек ұйғыр, кавказ, орыс және тағы басқа тілдерде насихат жүргізетіндер баршылық.

4-миф. Экстремистік өзге ағымға тек жастарды арбайды.

Ақиқаты – кез келген жастағы адам діни ағым құрбаны болуы мүмкін.

“Құзырлы орган өкілдері дайындаған зерттеулерді қарасақ, өзге ағымға алданатындардың әлеуметтік портреті – 17 жастағы немесе 35-40 жастағы адам. Расымен өмірлік көзқарасы қалыптаспаған адамды арбау оңай.

Олар мектепті енді бітіріп, еркіндікті жаңа сезіне бастағандықтан, түрлі нәрсеге қызығушылық танытады, бәрін көргісі келеді. Әсіресе ауылдан қалаға келген жастар осындай топтарға еріп кетуі мүмкін”, – деді  дінтану орталығының ғылыми қызметкері.

Сөзінше, қазір теріс діни ағым арбаушылары орта жастағы, яғни 35-50 жастағы кәсіпкер немесе саудагерлерді тартқанды жөн көреді. Себебі бүгінде осы жасқа келгендер дінге қызығып жатыр. Әрі кәсібі бар адам “жұмыс беруші” статусына ие болғандықтан, ол қарамағындағыларды да тарта алады. Яғни, арбаушылар сөзі өтімді, белді адамдарды шақыруға ден қойып жатыр.

5-миф. Теріс діни ағымға қосылған адамдар өздерінің ұстанып жүрген діндерінен бас тартады.

Ақиқаты – адамдар теріс бағыттағы діни ағымда екенін түсінбей де қалуы мүмкін. Яғни, олар жаңа ағымға кіріп кеткенімен, өздерінің бұрынғы діні мен мәдениетінен толық бас тартпайды. Бірақ кейбіреуі бұрын ұстанған дәстүрі мен нанымдарынан алыстап, түсінігін өзгертетін жағдайлар кездеседі.

6-миф. Діни ағымдардың мақсаты – негізгі дінге қарсы шығу.

Ақиқаты – әр ағымның мақсаты әртүрлі.

“Олардың негізгі мақсаты – өз ағымындағы адамдардың санын көбейту. Көп жағдайда олар қаржылай пайда көру үшін жұмыс істейді. Христиан дініндегі өзге ағым өкілдері қаржы пирамидасын құрып, зейнет жасындағыларды арбаған сәттері болды.

Яғни, олардың пәтері, мүлкі бар-жоғын, кіммен тұратынын зерттеп, бар байлығын иемденуге мүдделі. Сол үшін түрлі психологиялық арбаулар жасап нейро-линвистикалық түрде ұйымға тәуелді етеді”, – деп түсіндірді Нұрмұхаммед Мейманхожа.

Маман арбаушыларға кезіккенде не істеу керек екенін айтып берді. Ол әлеуметтік желіде мұндай адамдар көбейгенін ескертті.

Мазаңызды алып, пікір тудырғысы келетін адамнан алшақ болыңыз;

Күдікті нөмірлерді бұғаттаңыз;

Пайдаланушының үстінен әлеуметтік желі әкімшісіне шағымданыңыз;

Әлеуметтік желілерден дос таңдарда сақ болу керек. Бейтаныс адамды қоспас бұрын олар туралы ақпарат оқып алу керек.

Әлеуметтік желіден гөрі шынайы өмірде бетпе-бет келгенде олардың бетін қайтару қиын. Теріс діни ағым өкілдері саябақта, автотұрақта немесе серуендеп жүргенде кезігуі мүмкін. Олар сізбен тілдесуге тырысып, жаныңыздан қалмай қояды. Танысу үшін өтірік сұрақтар қойып, әңгімеге тартады екен.

“Мұндай кезде әңгіме қызық емес екенін ыммен білдіріп, сыпайы түрде мұндай тақырыпқа қызықпайтыныңызды түсіндіруіңізге болады.

Сонымен қатар күмән тудыратын адамдарды және олардың ұсыныстарын құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн. Себебі экстремистік ұйымдарға тартып, арбағаны үшін жаза қарастырылған. Бастысы, бейтаныс адамдарға жеке нөміріңізді қалдырмағаныңыз абзал”, – деді сарапшы.