Тиімсіз түрлі жобалар білім саласын былыққа батыруда
«Алаш аманатына адалмыз ба»?-деп сұрақ қойыпты Аятжан Ахметжанұлы. Қалай ойлайтыны бар? Қазіргі Білім көшін бастағандар “Алаш арыстары” деп ауыз толтырып айтқанымен, іс-әрекеттері алаштықтар сияқты ұлт қамы болмай тұр.
Тек білім саласының соңғы екі жылында екі -үш эксперимент Бағдарлама еніп кетті: бірі — тәрбие саласына, екіншісі — аттестация, үшіншісі -мақсатты мектеп; бірнеше Жоба еніп кетті.
Бұлардың ешқайсысы Білім бағдарламасы мен оқулықты маңайламады. Ал алаштықтар алдымен Бағдарлама жасап, оқулық жазды. Аударған күннің өзінде де формасын алса да түп-тамырын қазақша жазды.
Қазіргілер түрлі Жобалармен Президентті алдап соғып, мемлекеттің ақшасын талан-таражға салып келеді. Бағдарлама аударма, көшірме нұсқада 8 жылдан бері жетілдірілмеген қалпы тұр.
Алаштықтардың атын қисынсыз Жобаларды өткізу үшін ғана қолданады. Тіпті, Абайдың атын да солай қолданады. Бұлар мұғалімнен “өш алу үшін” ғана Бағдарлама түзеді, “оқушы білім алсын” деп жасалған бағдарлама көрген жоқпын.
Жасау үшін ғалымдар мен білікті мамандарды шақырады, жасатады, жеме-жемге келгенде білікті, беделді ғалымдардың жасағанын да бұрмалап өз пайдаларына жаратып жіберіп, қолымызға сөйлемі қиыспаған Бағдарлама, мұғалім де оқушы да ұқпайтын оқу мақсаттарын, тәрбие тақырыптарын береді. Ұқтыруға өздерінің де шамалары жетпей отырады.
Мектептерді отыз адам тексеруге шығыпты… Нені тексереді? Қалай тексереді? О жағы белгісіз. Сабаққа қатысады екен. ҚМЖ тексереді екен… Мұның бәрі 20 ғасырдың 90-жылдарында актуальді болған.
Ондай тесерушілер тексеру критерийін алдын ала жібереді. Мектеп сол критерий бойынша дайындалатын. Дәл қазір ешқандай нәтиже бермейтін әрекет.
Өсек айту: “ана мұғалімнің ҚМЖ-сы бағдарлама сай емес”, “ана мұғалім тақырыпты ашпады”, “мына мұғалім оқушыға сұрақты дұрыс қоймады”, “прическасы дұрыс емес”, “туфли кимеген… “ деген “сыни” пікір айтылады.
Бұл сияқты әрекеттер білімді ешқашан дамытпайды. Алаштықтар тарихында мұғалімді сабаққа қатысу арқылы кемсітпеген.
Қолданыстағы Бағдарламада да “мұғалімге әдістемелік көмек бер “ дейді, “шаш ал десе бас ал” демейді. Алаштықтар секілді мұғалімге анық тапсырма беріп, баланы оқытудың әдістемесін, оқулығын жасап берсе, қанеки?!
Мира БАРКАЗАТҚЫЗЫ, білікті ұстаз.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.