Тілшіден «ордер» сұраған мұғалімдер: Келісім жиыны келіспеді

0
585

Кеше Алматы қаласындағы №115 мектепте Мейрамгүл Барказатқызын жұмыстан шығару мәселесіне байланысты келісім комиссиясының жиыны өтуге тиіс болған. Өкінішке қарай…

Еске салып өтейік, Мира Барказатқызы — елімізге танымал, тәжірибелі, білікті ұстаз. Былтыр зейнет жасына толған Мира апайға мектеп басшылығы келісімшартпен тағы бір жыл жұмыс істеуіне бұйрық шығарады.

Алайда 2024-2025 оқу жылдарының бүкіл сағат жүктемелері бекітіліп, мөр басылып қойғанына қарамастан, Мира Барказатқызын мектеп директоры 2024 жылғы желтоқсанда жұмыстан шығаруға шешім қабылдайды.

Оқу жылының қақ ортасында мұғалімді салмақты себепсіз жұмыстан шығару — заңды өрескел бұзу болып табылады. Осыған орай өз құқығын қорғау мақсатында Мира Барказатқызы мектептің еңбек дауын реттейтін «Келісім комиссиясына» жүгінді.

«Келісім комиссиясының» мүшелері — осы мектептің мұғалімдерінен құралған. Мира Барказатқызы жұмыстан не үшін шығарылды? Зейнеткер болғаны үшін бе, әлде белсенді ұстаз болғаны үшін бе?

Осындай сұрақтарға жауап алу мақсатында тілшілер жиынға арнайы келді. Алайда журналистерді көрген сәтте комиссия мүшелерінің көңіл күйі нілдей бұзылды.

Ә дегеннен «жиынға тілшілерді қатыстырмаймыз» деп наразылық танытты. «Тілшілерді мен арнайы шақырдым» деген Мира Барказатқызының сөзін назарға алмаған комиссия өкілдеріне журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіріп, заң бұзып отырғанын түсіндіру мүмкін болмады.

Жиын өтетін кабинетке дейін кедергісіз кірген тілшілерді мектеп ғимаратына кірген сәтте тіркеу заңдылығын білмегендер «жиынға тілші қатысу — заңсыз» екенін түсіндірмек болды.

Күзетшіні шақырып, тілшілерді шығартпақ болған әрекеттерінен түк шықпай, ақырында тіркеу журналына жазылуды талап етті.

Ғимаратқа кіргендеріне бір сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін қайтадан төменге түсіп, тіркеліп келген тілшілерді бұл жиынға қатыстырмаудың барлық жолы қарастырылғаны сондай, комиссия өкілдерінің бірі «тілшінің қатысқанын қаламаймын, менің қалауыма қарсы келіп, құқығымды бұзып отырсыңдар» деуге көшті.

Сіз бен біздің баламызға «білім беріп жүр» деп сенім артқан мұғалімдердің қарапайым заңдарды білмеуі былай тұрсын, «жиынға қатысу үшін журналистік ордерің бар ма» дейтін сұрақтары…

Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза, журналистен ордер сұрайтын мұғалімдеріңіз тұрғанда, білім сапасын арттыру туралы армандамасаңыз да болады екен…

«Журналистер бұл жиынға қатысуы үшін Білім басқармасының рұқсатын алып келуі керек» деген уәж алға тартылды. Алматы қаласы, №115 мектептің «Келісім комиссия» өкілдері мұндай заңды, мұндай талапты қайдан алғандарын түсіндірмеді.

Бар болғаны «жиынға қатысуы туралы рұқсат құжаты болмаса, тілші жиынға қатыспайды» дегенді алға тартумен болды.

Осы мәселеге қатысты заңгер Маржан Аспандиярова ҚР «БАҚ туралы» заңынан, «Азаматтық құқық» туралы заңдардан нақты баптарды айтып: «Бұл жиын — қоғамға қауіп төндіретін немесе мемлекеттік құпияға қатысты жиын емес. Бұл жиын — еңбек дауына байланысты өтеді. Сондықтан жиынға журналистерді қатыстырмаймыз деу — журналистердің ақпарат алу құқығын шектеу болып табылады. Не себепті журналистердің қатысуын қаламай отырсыздар? Нақты себеп бар ма?» — деген сұрағына комиссия өкілдері жауап бере алмады.

«Журналистер шығып кетпесе, жиналысты өткізбейміз» деген комиссияның мұғалім өкілдері ақырында жиналыс уақытын ертеңге, яғни бүгінге ауыстырды.

Бір мұғалімнің еңбек дауына қатысты мәселе көтерілетін жиынға тілші қатысса, не болады? Комиссия өкілдері неге сонша мазасызданды? Әлде келісім жиынында жария болмауға тиіс дүниелер айтыла ма? Түсіне алмадық.

Бір түсінгеніміз, мынадай қарқынмен кете берсе, жақында Оқу ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлгі комиссия өкілдері сияқты «журналистен ордер» сұрайтын мұғалімдермен қалады-ау, өкінішті…

Дайындаған — Мәриям КЕНЕСАРЫ.

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін.