Түркия мұсылмандарын агностик жігіт дүр сілкінтті

0
7702

Бізбен салыстырғанда, Түркия елі анағұрлым мұсылман өлке екені бәрімізге белгілі. Халқының 90 пайыздан астамы Ислам дінін ұстанады. Міне, сондай мұсылман елін Диамонд (Diamond Tema суретте) атты жас жігіт дүр сілкінтті деп жазады Democrat.kz.ақпараттық порталы Түркия ақпарат көздеріне сілтеме жасап.

Түркияда туып өскен албан ұлтының өкілі бұл жігіт 30 жасына дейінгі бүкіл уақытын тарих, философия, дін, сенім сияқты дүниелерді зерттеуге арнаған. Соңғы жылдары түрлі телеарналарда өз пікірін білдіріп, сұхбат беріп, ел ішінде аздап таныла бастаған Диамондты Түркияға мәшһүр еткен  “Агностизм мен шынайы трагедия” атты кітабы болды.

Сонымен тұтас елді дүр сілкінтерліктей Диамонд не істеді? Бар болғаны Құраннан және бүкіл хадистерден мысал келтіре отырып, Ислам дінінің бетпердесін ашты. Аспаннан не болмаса мұсылмандар тоқтамай айтатын сонау 5-6 ғасырдың қиялы дүниелерінен емес, әр мұсылман имандай сенетін Құран кітабы мен хадистерде айтылғандарды жіліктеп, талдап-тарқатып берді.

Осы аптаның басында Диамондты құқыққорғау өкілдері шақырып, тергеуге алу туралы қаулы шығарды. Себеп? “Пайғамбарымызға тіл тигізді, дінімізді қорлады” деген түркиялық бір мұсылманның арызына байланысты. Бұл оқиға Диамондтың сағын сындырды десеңіз, қателесесіз.

Керісінше, Диамондтың жақтастары мен қолдаушылары күн санап миллиондап артуда. Өйткені бұл күнде Түркияда араб тілінде жазылған Құран кітабын зерделеп оқып, түсіне алатындар аз емес.

Диамонд Тема Ютуб арнасының бірінде өткен пікірталаста: “ 9 жастағы Айшаға үйленген 53 жастағы пайғамбар Мұхаммедтің әрекетін қалай түсінеміз?” деген сұрағы кейбір Түркия мұсылман қауымының қытығына тигені сонша, 30 жасар жазушы жігіттің үстінен арыз жазуға мәжбүрледі.

Алайда айналасы 4-5 күнде түркиялық әлеуметтік желіде Ислам дініне қатысты түрлі сұрағы бар азаматтар саны сағат санап көбеюде. Бірі “Хадисте айтылған деп имамдар өтірікті соға беретін болды.

Мысалы, таяуда ғана бір имам: “Шашты қолдан ектіруге пайғамбар тыйым салған хадис бар” деп періп отыр. Пайғамбардың заманында шаш ектіру болды ма?” десе, енді бірі “Құранның Мекке аятында “Құран кітабын Мекке және оның айналасындағылар үшін түсірдік” деген аят бар.

Олай болса, Құранның айдалада жатқан бізге қатысы бар ма?”, “ Бір имам “садақа, зекет бермесеңдер, тозаққа барасыңдар” дейді. Бұл қорқытып ақша алу емес пе?” деген сарындағы сұрақтарын жаудырған түркиялық мұсылмандар “Диамондты қолдаймыз! Оның сұрағы орынды. Айтып жүргендері де шындық!” деп үндеу жолдауда.

Диамонд Теманың сұрағына байланысты Түркия дін өкілдері, хожалар мен имамдар да пікір білдіріп, барынша қарсыласып бағуда. Барлығының да берер жауабы: «Бір Аллаһ қана біледі, пенденің санасы көп нәрсеге жетпейді. Диамондты шайтан иектеген, Аллаһ тарапынан оған осы сынақ берілген» дейтін сіз бен бізге таныс сөздермен шектелуде.

Ұлжан ӘУЕЛБЕКҚЫЗЫ,

Түркиядан арнайы Democrat.kz. үшін.

Фото ашық дереккөзден алынды.