Тұрсынғали Алагөзов алып корпорацияны сатып алды

0
74

Қазақстандық кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов «Цесна» астық корпорациясының 100 пайыз акциясын сатып алды.

Кәсіпкер Jusan банкінен Jfood Kazakhstan компаниясына тиесілі брендтерді сатып алды. Келісімшартқа қол қою процесі шамамен бір жылға созылып, 21 ақпанда аяқталды. Сауда-өндірістік компания танымал «Цесна» брендімен қатар, «Сәлем» және Bella pasta брендтеріне де иелік етеді.

Тұрсынғали Алагөзов ең алдымен «Цесна» компаниясының 60 жылдық тарихы қызықтырғанын мойындады.

«Цеснаның» тарихы бар. Маған элеватордың суреттерін жіберді, онда «1965 жыл» деп жазылған. Биыл 60 жыл – мүшел жас. Мен мұны символ деп қабылдадым. Ішкі түйсігім бұл үлкен тарихы бар кәсіпорынды жаңғыртып, технологиясын заманауи деңгейге көтере алатынымызды сезді. Себебі бізге мұра болып қалған технология — Кеңес Одағынан. Әрине, менің жоспарым – өндіріс пен астық сақтауды халықаралық стандарттарға сай жолға қою», – деді Тұрсынғали Алагөзов.

Кәсіпкер «Цесна» зауытында ұзақ мерзімді перспективада «алдағы 25 жылға жететін» ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Ол инфрақұрылымды жаңартуды және өндіріске инвестиция салуды көздейді. Сонымен қатар, компания шетелмен, мысалы, Қытаймен ынтымақтастықты дамытпақ.

«Маған бұл өте қызық. Компанияны дамыту барысында мен Қытай Халық Республикасына экспортқа басымдық бергім келеді. Біз ұн мен макарон өнімдерін дайын күйінде ҚХР-ға жөнелтіп, экспорт арқылы сатылым көлемін арттыра аламыз деп ойлаймын. Бұл тез шешілетін жұмыс емес, жылдар кетуі мүмкін. Себебі, Ауыл шаруашылығы министрлігімен мәселені қалай шешуге болатынын және ҚХР-ға квота алу, Қытайдағы серіктесті, қоймаларды анықтау, мұның бәрін қайда жөнелтуге болатынын нақты түсіну керек», — деді кәсіпкер.

Тұрсынғали Алагөзов «Цесна» компаниясында өндірістік қуатты арттыруға барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Үлкен жол бірінші қадамнан басталады. Біртіндеп сол қадамды жасаймыз. Біз тек диірмен емес, тарихы бар брендтерді сатып алдық. Мен үшін бұл үлкен белгі. Өз брендтерімді дамытуда тәжірибем бар. Брендті қалыптастыруға қанша уақыт пен күш қажет екенін түсінемін. Тұтынушыларды тауар сатып алуға көндіру – оңай шаруа емес. Ол үшін көп уақыт пен күш қажет, жарнамаға орасан қаржы құю керек. Бренд құру – тұтас бір тарих. Егер «Цесна» бренді ұмытылып, жойылып кетсе, өте өкінішті болар еді. Мен және әріптестерім бұл брендті дамыта  аламыз деп үміттенемін», – деді ол.

Кәсіпкер «Цесна» бренді аясында жаңа өнімдер шығару мүмкіндігін де жоққа шығармады. Ол қазірдің өзінде жайма өндірісін тәулігіне 3 тоннадан 100 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

«Біз нарықты қарап, тұтынушыларға ұнайтын өнімді қуана өндіреміз», – деп түйіндеді Тұрсынғали Алагөзов.