Туыстардың өзара үйленуі қалай пайда болған?

0
1306

Бір атадан тарайтын немесе қаны бір туыстардың үйленуі — кеше-бүгін туған проблема емес. Әлемде туыстардың өзара үйленуі көптеген халықта кездеседі.

Өзбекстан, Біріккен Араб әмірліктері, Әзербайжан, Иран, Дағыстан, Түркия, Тәжікстан, Ирак, Сирия сынды елдерде әлі күнге дейін бауырлас екі жас отау құрады. Ғылым мен медицина туыстық некенің зауалы мен зардабын көзге шұқығандай етіп дәлелдеп берсе де, мұндай сорақы жабайылық неге әлі тоқтамай тұр?

Жалпы, туыстық неке қайдан пайда болды? Ең бірінші, діни ұстанымға байланысты пайда болды. Сонау 5-6 ғасырда пайда болған діни наным-сенімге байланысты өзара туыс болып келетін жастардың үйленуін құп көру қалыптасты. Бұл туралы Құранның 33 сүре, 50-аятында  “…ерлердің, әкеңмен туысқан әйелдердің, шешеңмен туысқан ерлердің қыздарын халал қылдық” деген жолдар  бар.

Санасы осындай аяттармен әбден уланған халық бас-көзге қарамай, ұлының қойнына қарындасын салып берді. Жоғарыда сөз еткен елдердің қандай діни наным-сенімге ие екенін білесіздер. Демек, олар дінінде бұйырған амалды орындап жүргендер.

Күні бүгінге дейін бір омыраудан сүт ішпеген ұл мен қызды үйлендіру Өзбекстан, Біріккен Араб әмірліктері, Әзербайжан, Иран, Дағыстан, Түркия, Тәжікстан, Ирак, Сирия елдерінде жалғасып келеді. Тіпті, бір үйде тұратын ағалы-інілі ағайынның балалары кейін “бірдеңе бүлдіріп қоймасын, бір-біріне еркек-әйел деп қарамасын” деген мақсатта әлі күнге абысындар бір-бірінің сәбилерін араластырып емізеді де. Сонда бір омыраудан сүт ішсе ғана “бауыр” саналатын сауатсыз түсінік жойылмаған.

ХХІ ғасырда бір атаның ұрпағы бір төсекте бас қосса, ұрпағы мүгедек, ауру болатынын түсінбейтін, түсінсе де, мойындамайтын надан кісілер арамызда әлі де өріп жүр.

Ал енді туыстардың үйленуін неге қасиетті кітапта бұйыруы мүмкін? Әлде жаратушы бәрін білгенде, генетикадан хабары болмағаны ма? Әрине, егер ол кітапты сұрқия ойлы еркектер жазбай, нақты жаратушы жазғанда, міндетті түрде туыстық некеге тыйым салар еді.

Алайда “қасиетті кітап” жазғыш надан еркектер генетика ғылымын қайдан білсін?! Ақыл-ойы қалаған қатынды қойынға алу болған сондай пенделер өз қыздары мен қарындастарын басқаларға бергісі келмеген.

Бұл жердегі басты мәселе — байлықтың бөліске түсуінен қорқу ғана. Жиған-тергені өз әулетінде қалсын деген жымысқы ойдан туындаған туыстық неке қазір де сондай мақсатта қиылады.

Мәселен, Түркияда бай-бақуат отбасылар жиен мен нағашыны, бөле мен бөлені, тіпті немере ағайындарды бір бірімен үйлендіруге тырысады. Көкейлерін тесіп бара жатқан байлығы басқа әулетке бұйырмасын деген ниетпен.

Мысалы, байдың ұлы кедейдің қызына үйленсе, белгілі ғой, келіннің туыстары да компанияның бір пұшпағына жармасатыны. Туыстық некенің кедейлер арасында тарауы — діни наным-сенімге тікелей байланысты. Түптеп келгенде, туыстық некенің бастауы — 5-6 ғасырдан бері жалғасып келе жатқан жабайы әрекет.

Өкінішке қарай, осындай қызғаныш, дүниеқоңыздықтың салдарынан қаншама миллиондаған сәби бұл өмірге мүгедек боп келіп, бүкіл ғұмырын азапта өткеруде. Бұл жерде айтылғандардың дәлелі ретінде мақаламыздың келесі бөлімінде осындай некенің бүкіл азабын арқалаған азаматтармен болған сұхбаттарымызды жариялаймыз.

 

Қанат ДАСТАН, Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.