«Ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығын» бастадық» деді Тоқаев
2-4 шілде күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.
Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады. Сапар қарсаңында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне жазбаша сұхбат берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған сауалдардың бірінде Қытай көшбасшысы Си Цзиньпиннің пандемиядан кейінгі шет мемлекеттерге ресми сапарын Қазақстаннан бастауы айтылып, екі ел басшылары кездесу барысында қандай мәселелерді талқылағаны туралы сұрақ жолданды.
Тоқаев Қазақстан Қытай Халық Республикасымен тығыз әріптестікті жоғары бағалайтынын және екі елдің қарым-қатынасы берік достық, ортақ тарих пен тату көршілікке негізделгенін айтты.
«2022 жылдың қыркүйегінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы әрі досым Си Цзиньпин мырзаның Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында біз екіжақты ынтымақтастықтың жаңа «алтын 30 жылдығын» бастадық. Қытай басшысының пандемиядан кейінгі алғашқы шетелдік сапарын Астанадан бастағаны қуантады. Бұл Бейжіңнің сыртқы саясатындағы Қазақстанмен қарым-қатынастың басымдылығын тағы да растайды», — деді Тоқаев.
Өз кезегінде Қазақстан президенті соңғы жылдары Қытайға үш рет барғанын еске салды.
«Әрине, жеке байланыстарды дамыту біздің ынтымақтастығымызды тереңдетуге және екі мемлекет арасындағы қарым-қатынаста жаңа мүмкіндіктер ашуға маңызды серпін береді. Осы жылдар ішінде арамызда қалыптасқан шынайы достық және сенімді қарым-қатынас жаңа ұлы мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді. Сондықтан төраға Си Цзиньпинмен кездесулерімізді жылы ссезіммен еске аламын. Біз өзекті мәселелер мен жан-жақты стратегиялық әріптестігімізді нығайту келешегін талқылап, әлемдегі жағдай туралы пікір алмасамыз», — деді Қазақстан президенті.