Зауытта ауыр жарақат алған азаматтың ауыр тағдыры

0
344

Алматы облысындағы кірпіш зауытында ауыр жарақат алған жұмысшының мүгедек болып қалу қаупі бар. Хат танымайтын, әрі екі аурушаң баласы бар, несиесі мен денсаулығы сыр берген, әйелі ешқандай табыс таба алмайтын отбасының жалғыз асыраушысы жұмысқа жарамсыз болып қалған.

Жәбірленушінің туыстары жұмыс берушінің емдеу шығындарын төлемей, жауапкершіліктен жалтарғанын айтады. Істің мән-жайын Massaget.kz тілшісі тарқатсын.

Өткен жылдың 10 қарашасы күні жәбірленуші кірпіш зауытында жұмыс істеп жүрген кезінде аяғын арбаға арналған рельс басып, ауыр жарақат алады. Саусағы үзіліп кеткен, ал аяғы қатты мыжылып қалған.

Жұмыс беруші оның қауіпсіздік аяқкиімі жоқ екенін ескерместен, жұмысқа салған. Жарақат алғаннан кейін жұмыс беруші жедел жәрдем шақырмай, оны көлікпен ГРЭС-тің ауруханасына жеткізеді.

Бұл жерде жәбірленушіге жарақаттың себебін «үйде ағаш басып қалды» деп жазғызып, ары қарай емдеуден бас тартқызады.

Жәбірленушінің інісі ағасының хат танымайтынын, бірақ оған алғашқы медициналық құжаттарда емнен бас тарту туралы жазғызғанына таңғалады.

«Жұмыста арбаларға арналған рельс бар. Сол жерде аяғын рельс басып кеткен. Қауіпсіздік аяқкиімін бермеген, өз аяқкиімдерімен жүрген. Бір саусағы сол жерде ұшып кеткен.  Жедел жәрдемсіз көлікпен алып барған ГРЭС-тің ауруханасына. Сол жерде үйде қарағаш басып қалған деп айтқызып, ауруханаға жатқызбай, «отказной» жаздырып, алып кеткен. Бұл жағдайды мен ертесіне бірақ естідім», — дейді жәбірленушінің інісі.

Жұмысшыны зауытқа тұрғызған оның қайын ағасы бұл мәселені басшылыққа жеткізбей, өзі шешуге тырысқан. Ол:

«Емнің шығындарын мен өзім төлеп беремін, ешкімге хабарласпаңдар», — деп уәде берген.

«Полицияға арыз жазудан басқа амал қалмады»

Алғашқы жарақат алғаннан кейін жәбірленушіні Шелек ауруханасына жатқызады. Алайда ол жерде медициналық бақылау мен қажетті емдеу шаралары дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, жарақаты асқынып кетеді.

Інісінің айтуынша, Шелектегі ауруханаға ешкімді кіргізбеген, ал жарақаттанған аяғының жағдайы күннен-күнге нашарлаған.

11 күннен кейін туыстары жәбірленушіні Алматыдағы №12 қалалық ауруханаға ауыстыруға мәжбүр болады. Мұнда дәрігерлер емдеу шығындарын 1 миллион теңге деп есептейді, бірақ қажетті соманың жартысын алдын ала төлеуді немесе сенімхат жазуды талап етеді.

Жәбірленушінің інісі бұл талапты қайын ағасына жеткізгенде, ол өз міндетінен бас тартып, оны балағаттап, табалаған.

«№12 ауруханаға бардық. Тиісті анализдерді алып, еміне 1 миллион теңге көлемінде есептеп берді. Сонда ақшасын басқа адам төлейтінін жеткіздім. Ауруханадағылар алдын ала 500 мың төлеу керек екенін немесе сенімхат жазып кету керек екенін айтты. Мен бұны емге көмектесуге уәде берген кісіге жеткіздім. Ал ол болса, аузына келгенін айтып, бұл қаражатты өтей алмайтынын айтты. Біз бәрібір емдеуге қаражат ала алмайтынымызды түсініп, полицияға арыз жазудан басқа амал қалмады», — дейді жәбірленушінің інісі.

Істің қазіргі жағдайы

Жәбірленушінің інісі полицияға арызды 29 қараша күні жазған. Бірақ іс бойынша ілгерілеу байқалмай отырған көрінеді. Бұған дейін екі тергеуші ауысып үлгерген.

Адвокаттың айтуынша, бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабы (Еңбекті қорғау ережелерін бұзу) бойынша қаралып жатыр. Олар еңбек инспекциясына және полицияға сұрау хаттар жолдап, жауап күтіп отыр.

Адвокат сондай-ақ жарақаттың нақты жағдайын растайтын куәгерлер бар екенін және алғашқы құжаттарға «ағаш басып кетті» деп мәлімет жазылғанымен, бұл жалған екенін мәлімдеді.

Қарсы тараптың әрекеті

Жәбірленушінің отбасы жұмыс беруші қолдаудың орнына, моральдық және қаржылық міндеттерін мойындамай отырғанын айтады.

Тіпті жұмыс беруші зардап шеккен тарапқа қарсы шағым түсіріп, оларды ақша бопсалады деп айыптаған. Бірақ кейін бұл шағым адвокаттың араласуымен қайтарылған.

Отбасының талаптары

Жәбірленушінің отбасы әділдік талаптары келесідей:
1. Емдеу шығындарын толық өтеу.
2. Моральдік және материалдық шығындарды төлеу.
3. Жұмыс берушінің заң алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету.

«Ағам хат танымайтын қарапайым адам, отбасын ауыр жұмысымен асырап келген. Енді мүгедек болып қалуы мүмкін. Оның өмірін бұзып, отбасын қиын жағдайға қалдырған жұмыс беруші жауапкершіліктен құтылмауы керек», — дейді жәбірленушінің інісі.

Бұл оқиға жұмыс орнындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы мен еңбек құқықтарының бұзылуының ауыр салдарын тағы бір рет көрсетіп отыр.

Егер жұмыс берушілердің жауапсыздығы осылай жалғаса берсе, қоғамдағы осал топтардың өмірі одан әрі қиындай бермек.

Жәбірленушінің отбасы өз талаптарының орындалуын, әділдікке қол жеткізуді және жауапкершіліктің заң аясында қаралуын күтіп отыр.

Фото дереккөзден.