Жалғыз ұлым сорымды қайнатуда
Өсірген ұл-қызың жақсы болса жердің беті жақсы екен. Адамда ақыл болмаса, мың айтқанмен өз жолын өзі табам демесе, таба алмайды екен.
Біреудің миына ақылды құйып бере алмайсың. Сол үшін екен ғой, баяғыда апаларымыз «Е, Құдай, бала бер, бала берсең сана бер» деп тілеуші еді. Өсіріп, жеткізген ұл-қыздарың саналы болмаса Құдайдың қос қолдап ұрғаны.
Өзім өмірімді саудаға арнаған адаммын. Таңның атысы, кештің батысы үй бетін көрмей еңбек еттік. Сондағы ойымыз ұл-қыздарды ешкімнен кем қылмай, өзіміз ішпегенді ішкізіп, кимегенді кигізіп өсіру еді. Жақсы үйде тұрса, жақсы жерде білім алса деп армандадық.
Балаларды туып, төрт-бес айға толғанда марқұм енеме тастап, саудаға кететінмін. Сол кісі оқытты, өсіріп-жеткізді. Үш қыздан кейін аңсатып келгесін бе, әлде енем марқұм да пытырлатып қыз туып, екі баланы әзер тапқасын ба, менің балама келгенде көңілі алабөтен болды.
Ешкімді бетіне қарата сөйлетпейтін. Айтқанын екінші мәрте қайталатпайтын, дер кезінде қалағанын жегізіп, ұнатқанын әперіп отырды. Оған біз де мәз болдық. «Әжесінің еркетайы» деп атадық. Он жыл бұрын күйеуім өмірден өтті, екі жылдан соң артынан енем кетті.
Өмір бойы саудада қасымда жүріп, демеушім болған жарым, артынша балаларыма қамқор болған енем кетіп есеңгіреп қалдым. Қайғы үстіне қайғы жамалып, саудадан да қол үзіп қалдым. Мен өзіммен өзім қиналып жүргенде балам жасөспірім шақта еді.
Ол да сүйікті әжесінен айырылғанына қайғырып, өзімен өзі тұйықталып, бірдеңе десең діңкілдеп жауап беретін болды. Сабағы нашар-тұғын, мектепті әрең бітірді. Жалғыз баладан немді аяймын, ақылы оқуға түсіріп, сауданың арқасында ақшаны құйып жүріп бітірттік.
Сол аралықта үлкен екі қызды ұзаттым. Олардың жасау-жабдығын түгелдеп, жетпегеніне несие алып жүріп аяқтадық. Екі қыз орнын тапты ғой, кішкене дамылдасам болар деп жүргенде балам ақылдаспай, ойласпай бір қызды басып алып қашып келді.
Қолына дипломын енді алған, әлі тұрақты жұмысы да жоқ. Әлі ақыл тоқтатпай, отқа да, суға да түсіп жүргені өзіме мәлім. «Қызды апарып таста, кейін өзім құда түсіп, сән-салтанатымен әперем» дедім. Айтқанынан қайтпай, «қазір бұл қыз кетсе, мен де кетем» деп жер тоқпақтап отырып алды.
Не керек, екі жасты үйлендіріп, қарызданып-қауғаланып жүріп тойын жасап бердім. «Құдалардан ұят болмасын» деп таныс-тамырды араға салып жұмысқа кіргіздім. Кіші қызым мен баламның мінезі бұрыннан келіспейтін. Екеуі тете, қит етсе сөзге келіп, салғыласып кететін.
Сол себепті балам мен келінді кезінде шалым алып қойған бір бөлмелі пәтерге шығардым. Оның үстіне балам бөлек тұрса отбасылық жауапкершілікті сезінер деп ойладым. Обалы не керек, келінім өте жақсы. «Мамалап» тұрады, алдымды кескен емес.
Алтын асықтай екі ұл, бір қыз туып берді. Тек соның қадіріне сорлы балам жетер емес. Кіргізген жұмыстан шығып қалды, әр тірліктің басын бір шалды. Достарымен «бизнес бастайтық болдық» деп несие алып, онысынан банкрот болды.
Байғұс келінім сол несиені биыл жауып бітірді. Ал баланың ештеңемен ісі жоқ. Таңнан кешке дейін бедірейіп теледидардың алдынан шықпайды. Өткенде мен жоқта үйге келіп, шифонердің ішінде тұрған алтындарымды алып кетіпті.
Екі қызымды ұзатқанда, бесік апарғанда құдағиларым сыйлаған бриллиант жүзіктер де жоқ, тығып қойған жерімнен тауып алыпты.
Тағы алғанын мойындайды ғой, «Мен бір кәсіп бастап жатырмын, уақытша ломбардқа өткіздім. Екі айда бәрін қайтарып әперем» деп уәде етті. Екі ай емес, сегіз ай өтті, алтынымды сол күйі қайтармады. «Боп қалады, әперем» деп шаршатты. «Мама, мен сізге бірдеңе айтайын» деп келінім әңгіме бастады.
Сөйтсем сорлы балам әлгі алтындарды ломбардқа емес, футболдың ұтысына тігіп жіберіпті. «Дәурен өзгеріп кеткен, сол ойынға қатты кіріп кетті» дегенде айтарға сөз таппай қалдым. Оның бұл тірлігін айтсам үш қызымның оны жүндей түтіп жіберетінін білемін.
Себебі осы уаққа дейін талай мәрте күйдірген. Бұл жолы айтпай отырмын, «алтыны құрысын» деп… Балам мен келінім жиі ұрысатынды шығарды. Тіпті алтындай келінім кейде жылап қалып, «кетем, шаршадым» дейтінді шығарды.
Ал ұлыма бәрібір. Мен зар илеп жүріп, келініме өлердегі сөзімді айтып алып қалып жатырмын. Бірақ бұл қашанға дейін жалғасатынын білмеймін. Ұлым делқұлы болып барады.
Өмірде ештеңеге қызықпайды. Теледидар қарап, телефонына үңіліп отырады. Жұмыс істеуге, іздеуге құлқы жоқ. Мейлі, оны қоя берші, ақша тігетіні жанымды жегідей жеп барады.
Осы күні қалтамды тінтіп, бар ақшамды сыпырып алатын болды. Мені қойшы, өліп-талып жұмыс істеп, балаларына деп әкелген келіннің жалақысына да қол салып жүр.
Бермесе ұрады екен. Қай жерден қателік жібердім, оны қалай жөнге салсам болады, білмей отырмын.
Әңгіме әлеуметтік желіден алынды.
Фото көрнекілік үшін.