Жастар неге діннен теріс айналуда?
Дарын есімді жігіт 12 жыл құлшылықтан кейін не себепті діннен бас тартып, Исламнан көңілі қалғаны туралы баяндады. Ол жасөспірім шағына дейін “мұсылманмын” деп өмір сүрсе, есейе келе көп сұрағына жауап таппай, өмірге деген көзқарасы мен ұстанымын өзгерткен.
Оның бұл шешімі ата-анасымен және туған-туыстарымен қарым-қатынасының тоқтауына әсер еткен. Дарын Stan.kz тілшісіне мұндай шешімге қалай және не себепті келгенін айтып берді.
Дарын көпшілік айтқандай Исламның мінсіз және оның мейірімділік діні екеніне келіспейді. Сондай-ақ ол Пайғамбарларға қатысты кейбір жағдаяттардың мүлде ақылға сыймайтынын айтады.
“6 жасымнан 17 жасыма дейін намаз оқыдым”
“Ата-анам – мұсылман. Әкем 6 жасымда намаз оқи бастағандықтан мен де онымен бірге дінге бет бұрдым. Мешітке жиі баратынмын. Тек жұма күндері ғана емес, таң намазы мен кешкі намаздарды да мешітте жамағатпен оқитымын. Аптасына 3 рет барып тұратынмын. 12-14 жасымда Исламнан көңілім қала бастады. Құрандағы қарама-қайшылыққа, дінге байланысты көп сұрақтар мазалай берді. Бірақ 17 жасыма дейін намазды тастамай оқыдым. Өйткені ата-анаммен тұрдым және менің өмірім сол жандарға байланысты еді”, – дейді кейіпкеріміз.
Дарын не себепті діннен теріс айналғанын және ондағы бірқатар қарама-қайшылықтар туралы айтты. Оның сөзінше, Құранда ақылға сыймайтын, тылсым дүниелер мен қиял-ғажайыпатар көп.
“Исламды мейірімділік діні дейді. Бірақ бірнеше сүрелерде Құдайға сенбейтін адамдардың өлімі туралы айтылған. Мысалы, Бақара сүресінің 191-ші аяты. Тағы бір түсінбейтінім, мұсылмандар Құранды ғылыми кітап деп санайды. Өйткені онда жердің домалақ екені айтылған. Айтуларынша, бұл Исламның ең дұрыс дін екенін дәлелдейді. Құранда күннің бұлдыр теңізге батып бара жатқандығы туралы сүре бар. Расында, күн ешқайда батпайды. Мұндай факторлар өте көп. Моисейдің суды екі бөлгені жайлы айтылған. Бұл мүмкін емес нәрсе ғой. Мұхаммед Пайғамдар да өзінің пайғамбар екенін дәлелдеу үшін мүршіктердің көзінше айды екіге бөлді. Меніңше мұның бәрі ертегі”, – дейді Дарын.
“Ата-анам артық сұрақ қоймай, дінге көзсіз сенуімді қалады”
Кейіпкеріміз қасиетті кітаптағы дүниелерге көзсіз сенгісі келгенін айтады. Алайда мұнысынан түк шықпаған.
“Менің түсінігімде, Алла өте қатыгез. Мысалы, адам жақсылық жасайды, бәріне көмектеседі, ешкімге зиянын тигізбейді делік. Бірақ ол христиан дінін ұстанады. Болмаса мүлдем Аллаға сенбейтін болса ол тозаққа түсе ме? Бірақ Ауғанстандағы 50 жастағы зорлықшы 9 жастағы қызды зорлайды. Сонда ол Аллаға сенгендіктен жұмаққа бара ма? Меніңше, бұл ақылға сыймайды”, – дейді Дарын.
Оның айтуынша, дінді берік ұстанатын ата-анасы оның толассыз сауалдарына жауап беруден бас тартқан.
“Мені мазалаған осы сұрақтар туралы әке-шешеме айтқанда олар менің бұл туралы тереңінен зерттеп, беріліп кетпеуімді сұрайтын. Осылай жалғаса берсе менде түрлі күдік пайда болатынын білді. Айтуларынша, егер діннен күдіктене берсе адам діннен шығып кетуі мүмкін. Мұны естіген менің жауапсыз сауалдарым көбейе берді. Олар менің артық сұрақ қоймай, дінге көзсіз сенуімді қалады. Олардан сұрағыма жауап алмақ болсам “жоқ, сен дұрыс түсінбегенсің, бұл қате тәпсір” дейтін. (Ислам дінінде — Құранның мағыналарын түсіндіру, оның ішіндегі сенім, ғайып, хикметтер мен үкімдерге байланысты аяттарға түсініктеме беру). Менің ойымша, Алланың сөзі адам түсінбейтіндей қиын болмау керек. Құрандағы Алла сөзін не себепі белігілі бір адамдар ғана түсіну керек? Неге Құрандағы әрбір аят пен сүрелерді ғалым түсіндіреді”, – дейді Дарын сауалдарының сол күйі жауапсыз қалғанын айтып.
“Исламнан бас тартуыма дәстүрлі емес жыныстық көзқарасым әсер еткен жоқ”
Дарынның айтуынша, ата-анасы оның діннен бас тартқанын білгенде бұл шешімін мүлде қабылдамаған. Қазір ата-анасымен араласпағанына 5 жылдан астам уақыт болған.
“17 жасымда үйден кетіп қалдым. Содан бері олар менен, мен олардан хабарсызбын. Олар мен Аллаға сенсем ғана мені қабылдайтынын айтты. Туыстарыммен де араласпаймын. Оның тағы бір себебі, мен – геймін. Меніңше, оларды менің дәстүрлі емес жыныстық көзқараста екенім алаңдатпайды. Олар мен Ислам дінін қабылдап, Аллаға жалынсам ауруымнан айығып, гетеросексуал болып кетемін деп ойлайды. Дәстүрлі емес жыныстық көзқараста екенімді 10 жасымда түсіне бастадым. Жанымдағы достарым қыздарды ұнатып жүргенде, мені мүлде қыздар қызықтырмайтын. Әрине, қатарлас қыздармен сөйлесіп, араласып көрдім. Алайда мұнымнан түк шықпады. Бұл ойдан мен қорқа бастадым. Өйткені 10 жасымда мен мұндай дүниелерден бейхабар едім. “Мен қалайша ұлдарды ұнатамын?” деген сұрақ мазалап жүргенде 13-14 жасымда өз-өзіме қол жұмсамақ болдым”, – дейді Дарын ағынан жарылып.
Алайда ол жыныстық көзқарасының себебінен атеист болдым деп ойламайды.
“Діннен шығып, Исламнан бас тартуыма дәстүрлі емес жыныстық көзқарасым әсер етті деп айта алмаймын. Өйткені мен сияқты достарым, таныстарым бар. Бірақ олар мұсылман, Исламнан шыққан емес. Атеист болуыма моральдық принциптерім мен бұл әлем туралы философиялық білімім ықпал етті”, – дейді кейіпкер.
“Атеистерді тек дінсіздік пен құдайсыздық біріктіреді”
“Мен өзімді 13 жасымнан бастап атеиспін деп санаймын. Қазір де осы бағытты ұстанамын. Белгілі бір дінді ұстанатын адамдар атеситерді бір топқа жатқызады. Иә, мұсылмандар бір топ, христиан дінін ұстанатындар бөлек топ болуы мүмкін. Бірақ атеистер бір тобыр бола алмайды. Атеистерді тек дінсіздік пен құдайсыздық біріктіреді. Бізде ортақ догма жоқ, көзқарасымыз да әртүрлі болуы мүмкін. Атесит консерватор да, либерал да бола алады. Қазір мен 23 жастамын. 10 жылдан бері Құдайға да, тылсым дүние мен күштерге де, адамның жаны мен жын-шайтандарға да сенбеймін”, – дейді Дарын.
Кейіпкеріміз үйінен, ата-анасынан кеткен соң бірқатар қиындықтарға тап болғанын да жасырмады.
“17 жасымда ата-анамнан, үйден кету мен үшін қиын болды. Өзімді асырау үшін алғаш рет жұмысқа тұрып, ақша табуым керек болды. Қарызға кіріп кеткен кездерді де өткердім. Алғашында бәрі қиын болды. Ойлап қараңызшы, бар-жоғы 18 жасымда әке-шешемнен тірідей айырылып отырмын. Бірақ қазір аяққа тұрдым десем болады. Табысым да жақсы, саяхаттап та үлгеріп жүрмін”, – деді Дарын қазіргі өміріне риза екенін жеткізіп.
Аты-жөнінің құпия болып қалуын сұраған тағы бір бойжеткен діндегі қарама-қайшылықтармен келіспейтінін түсініп, Исламнан бас тартқан. Өзін мұсылман деп санайтын, бірақ бес уақыт намаз оқымайтын, дінді берік ұстанбайтын Қазақстандағы көп отбасының бірінде дүниеге келген. Ол мұсылмандардың кейбір ұстанымымен келісе алмайды.
“Менің отбасым дінді қатаң ұстанады деп айта алмаймын. Әкем жылына бір рет келетін Рамазан айында ораза ұстайды. Онда да барлығын дұрыс жасайды деп айту қиын. Бірақ ол Аллаға сенеді. Мен де ұзақ уақыт бойы Аллаға сендім. Алайда көп нәрсені түсінбей, өзіме дәлелдей алмай жүрдім. Мен ес білгелі діннің қисынсыз екенін түсінетінмін. Бірақ бәріне көз жұмып, бұлай ойлау дұрыс емес екенін және оған сөзсіз сенуім керек деп ойлайтынмын. 14 жасымда бар күш-жігерімді жинап, өзімді тыңдап, дәлелдерге құлақ астым. Маған бұл тұрғыдан ешкім қысым көрсеткен жоқ, бірақ есейе келе өзім үшін білмеген нәрселердің жауабын діннен таптым, – дейді Назым (есімі өзгертілді).
“Неге жауыз адамның барлық күнәсі кешіріліп, ешкімге зияны жоқ атеист тозақта қиналуы керек?”
Ол әлі күнге дейін діндегі көп түсініктерді түсінбейді. Алайда діндар және дінді берік ұстанатын адамдармен бейтарап қарым-қатынаста екенін айтады.
“Мұның мені ойландыратын бірнеше тұсы бар. Алла рақымды және кез келген адамды кешіреді деген түсінік бар. Менің ойымша, біздің халық дінге келгенде тұтынушылық көзқарасты ұстанады. Адамдар білгенін істеп, күнәға батқан соң қартайған шағында Алладан кешірім сұрап, істегендерін жуып-шаюға болады деп сенеді.
Меніңше, бұл дұрыс емес. Алланың шексіз мейірімді екеніне келер болсақ, неге жауыз адамның барлық күнәсі кешіріліп, ешкімге зияны жоқ атеист тозақта қиналуы керек? Мен Аллаға деген сенімнен жиренбеймін, мұсылман жандармен дос болып, араласа аламын. Өйткені олар маған ешқандай үгіт-насихат айтып, қысым көрсеткен емес. Алайда кейбір мұсылмандардың бірнеше рет басқа қыздардың ойын өзгертіп, дегендеріне сендіруге тырысқан жағдайлар туралы білемін.
Тағы бір ойландыратын дүние, біз өлгеннен соң не болатынын білмейміз. Адамзат әлі оның ақиқатына жеткен жоқ. Бірақ соңында бәрі жалған болып шықса ше? Ал мен өмір бойы сол үшін өзімді белгілі бір дүниелерден шектегім келмейді. Мұсылмандар Алланы осылай сипаттайды. Олар Алладан қорқады. Алла – құдіреті күшті құбылыс. Меніңше, адамдар Аллаға сене ме, жоқ па Ол үшін маңызды емес секілді. Адамды Өзіне сенбегені үшін жазалау – нарцисс балаға тән қылық”, – деген пікірде кейіпкеріміз.
“Қазір Ислам әлемдегі миллиардтаған адамдарды басқарудың бір жолы ғана”
Десе де Назым Ислам дінінің адамдарға көп нәрсе үйреткенін де жоққа шығармайды.
“Ислам діні алғашында, расымен, адамдарға көп нәрсе берді. Ол әйелдерге өзін қауіпсіз сезінуге көмектесті, қылмыскерлерді қастандық әрекеттерден тыйды, адамдарға қарапайым гигиена мен моральдық нормаларды үйретті. Ал қазір Ислам әлемдегі миллиардтаған адамдарды басқарудың бір жолы ғана секілді.
Мысалға Ауғанстан сияқты елдерді келтіруге болады. Ондағы адамдар ұстанатын Исламның дұрыс еместігі туралы сағаттап айтаса да болады. Сонда мұсылмандардың 90%-ы Құранды ұстанбаса, оның қажеті қанша? Исламның Христиан діні секілді өзгермеуінің себебі – Исламды насихаттайтын адамдардың көптігі. Құдай расымен бар болса және соншалықты құдіретті болса, Оған менің сенетінім немесе сенбейтінім маңызды емес. Бастысы, менің ешкімге зияным жоқ”, – дейді ол.
“Атеист екенімді ата-анам білмейді”
Сондай-ақ Назым әлемде дінге сенетіндерден гөрі, атеистері көп елдер басқалардан қарағанда әлдеқайда дамыған деп санайды. Ол ата-анасына ұстанымын өзгерткені туралы ештеңе айтпаған.
“Менің атеист екенімді ата-анам білмейді. Оларға бұл туралы айтудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ары кетсе мұның дұрыс емес екенін айтар. Бірақ менің мінез-құлқым бұрынғыдай, діннен шыққанымнан ештеңе өзгерген жоқ. Сол бұрынғы Назыммын.
Ешқашан хиджаб киген емеспін, сондықтан олар менің енді дінге сенбейтінімнен, оны ұстанбайтынымнан бейхабар. Айналамдағы араласатын адамдардың арасында мұсылмандар жоқ. Ол жандарға деген көзқарасым бейтарап. Бірақ сөйлессек үнемі келіспей қаламыз. Діннен басқа ештеңе білмейтін, көрмейтін адаммен тіл табысу қиын. Менің достарымның бәрі атеист”, – дейді Назым.
Фото көрнекілік үшін алынды.