Жиен баққан елге айналдық

0
483

Білесіздер, таяуда ғана отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы заң ресми қабылданды. Заң бойынша жалпақ тілмен айтқанда, енді әйелінің көңілінен шықпайтын еркекті полицияға жетектетіп жіберуге болады.

Бір жағынан бұл заң әйел, бала-шағаны есерсоқ еркектен қорғаса, енді бір жағынан талай отбасының шырқын бұзары сөзсіз-ау.

Бұған дейін де “мінезіміз жараспады” деген себеппен баласын жетектеп төркінін жағалаған қыздарымыз аз емес еді. Тіпті уақыт өткен сайын көбейіп жатқан-ды. Енді мына заңнан кейін қалай боларын кім білсін?

Қазір ауыл-аймақта шулап ойнаған баланың ішінде жиендердің үлесі артып келеді. Қыдырып келген емес, нағашысының үйінде өсіп жатқан жиендер. Себеп? Себеп ата-анасы айрылысып, шешесі баласын төркініне тастап, өзі нәпақа іздеп, қалаға кеткен.

Таныс жағдай ма? Ескіде жиен — нағашылардың құрметті қонағы еді. Бұл күнде өз немересінің статусына өте бастады.

Таяуда бір емес, екі қызының ұл-қызын бағып отырған сондай кісілермен сұхбаттас болдым. “Бұрын қызы мен жиендерін қазақ тек қонақ етіп, ертерек шығарып салатын. Ал қазір жиенін нағашы бағатын күнге жеттік. Бұл қалай?” деген сұрағымды төтесінен қойдым.

— Қайтеміз енді…Күйеубала дұрыс болмай шықты. Не тапқан табысы жоқ, не ішкен арағын қоймады. Амал жоқ, үлкен қызым “ажырасам” дегенде қарсылық білдіре алмадық. Екінші қыздың да бағы ашылмады. Күйеуінің туыстары күн көрсетпеді. Шарасыздан екі баласын жетектеп үйге келгенде, “кет” дей алмадық,- дейді сұхбаттасым Жаппар аға.

Сөзімізге араласқан екі қыздың анасы Гүлжан апа: “Қазір кім ажыраспай жатыр? “Ішіме сыйған перзентім сыртыма да сияды”. Қыздарымның баласы да өз немереміз. Бөтен емес. Бағып отырмыз”,-деп қалды.

Иә, әрине, қыздан туған баланы шеттету ойымызда жоқ. Алайда әр баланың өз әулетінде, өз ағайындарының ортасында өскеніне не жетсін? “Жиен ел болмайды” дегенді қазақ “нағашыда аунап-қунағанымен, жиен нағашы жұртының бір мүшесі болмайтынын меңземеді ме?

Осы жерде сонау, 20-25 жыл бұрын болған бір оқиға есіме түсті. Ол кезде баламыз. Екі баласы бар әкемнің қарындасы “ажырасам” деп үйіне келіпті. Сол ойын айтып бастағаны сол еді: “Тәйт! Ажырасқаны несі?! Күйеуіңе сені мен қоспадым. Өзің таңдап тидің. Сол адамнан екі бала таптың.

Енді не деп келіп отырсың? Басқа емес, мынау екі баланы тамырынан алыстатып не ұтам деп отырсың? Ажырассаң да балаларыңның әулетіне жақын жерде қал. Қаласаң, әкеңе айтып сол ауылдан үй әпертейін. Бірақ нағашыға жиенді жаутаңдатпа!”,- деп әжеміз келген қызын кері қайтарып жіберген еді.

Сол оқиғаны әжем, әпкем және мен ғана білеміз.Түсте келген әпкем келген ізімен кері қайтты. Әкем қарындасының солай жылап келгенін білмеген күйі өмірден өтті. Ал ол әпкеміз бұл күнде шөбере сүйген әже болып отыр.

Айтпағым, қыздардың ажырасып- ажыраспауына әсіресе шешесінің ықпалы көбірек болатын сияқты, сіз қалай ойлайсыз?

                                                                                     Қанат ДАСТАН,

Democrat.kz.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.