Жұлдыздар косметикасын қанша теңгеге алады?

0
213

Көктем мерекесі қарсаңында отандық шоу-бизнесте жүрген қыз-келіншектер сұлулығының сырын ашып, жаңару мезгіліне қалай дайындалып жатқанын айтып, эксклюзив сұхбат берді. Бұл туралы Democrat.kz. Ақпараттық порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.  

Әр әйелдің күтімі әртүрлі. Бірі бренд жақсы көрсе, енді бірі бренд пен тренд қумаймын деп ақталады. Актриса, әнші Жұлдыз Өмірғали киімге қатты қызықпағанымен, бет күтімінен ақша аямайтын көрінеді.

                               “Брендке ақша қимаймын” 

“Беттің таза болуы өте маңызды. Тазалық беттен басталады. Бұрыннан сапалы косметика қолданамын. Өзіме қатты ұнайтын крем – күн мен түн. Өнер адамы болғаннан кейін, үнемі бетімізді әрлеп жүреміз. Үйге келгенде олардың бәрін сүртіп, тазалаймын. Барлық қыз-келіншектер қолданатын бет күтіміне арналған жиынтық бар. Бүгінде корей косметикалары толып кетті ғой. Соның кез келген өнімі менің бетіме жағады екен. Бет жууға арналған сұйықтығын қолданамын. Жалпы терім қатты құрғап, мәселе тудырмайды. Косметикамның құнын айтар болсам, өте қымбат бағада алып көргенім жоқ. Ең қымбат кремнің бағасы – 30 мың теңге. Тапқан табысымның 70-80 мыңын косметика алуға жұмсаймын. Керек дүниенің бірін де қалдырмай алсаң, ол жарты жылға жетеді. Ал сөмкемде жүретін кремнің бағасы – 2 мың теңге. Ол тез бітетін болғандықтан, ай сайын алып отырамын.

Көктем мезгілінде мен де басқа қыз-келіншектер секілді гардеробымды жаңартамын. Бірақ бренд пен тренд қумаймын. Өзіме жарасады деген киімді ғана киемін. Кейінгі кезде киім алмағалы біраз болыпты. Әшекей бұйымдарым мен киімдерімнің қандай фирма екені есімде жоқ. Бірақ қазір айтсам, біреуге бренд болғанымен,  екіншісіне қарапайым әшекей болып көрінуі мүмкін. Басқа әріптестерім секілді 5 сөмкемді сатсам, Алматыдан бір бөлмелі пәтер аламын деп айта алмаймын. Баян Мақсатқызы секілді табысты продюсерлер ғана олай айта алатын шығар. Мен брендке ақша қимаймын. Бренд алған күннің өзінде ол қолданылмай киілмей жатып қалуы мүмкін. Айтпақшы, Philipp Plein брендінен сөмкем болған. Бағасы – 700 мың теңге. Терісі өте ауыр, ұстауға ыңғайсыз болғасын әпкеме сыйладым. Кеңседе жұмыс істейтіндерге ыңғайлы аксессуар”, – деді Жұлдыз.

Сонымен қатар Жұлдыздың әріптесі Аша Матай “сұлулық бетте емес, жүректе. Адамның жан дүниесі тыныш болса, беті де ажарлана түспек” деген пікірді алға тартады.

                             “Ескі киімдеріме жаңа өмір сыйлаймын” 

“Сырт келбеттің әдемі болуы ішкі жан дүниеңмен тығыз байланысты. Әйел үнемі гармонияда болуы керек. Одан кейін дұрыс тамақтану мен дұрыс ұйықтау. Өмір мен өзіңді сүю де көркіңе көрік сыйлайды. Бұл енді әйел адамның көрікті болуына рең беретін детальдар ғой. Ал барлық қыз-келіншек секілді мен де бетімді күтемін. Бірақ көбіне үй жағдайында маска жасағанды жақсы көремін. Қияр мен құлпынайдан маска жасаймын. Бұл ең тиімдісі әрі пайдалы бет күтімдері. Табысымның қанша пайызын косметикаға жұмсайтынымды нақты айта алмаймын. Бұл мезгілге байланысты өзгеріп отырады. Кремімнің бағасы 4 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін өседі. Сосын мен ай сайын жаңартып отырамын. Бір өнімге жабысып қалмаймын. 4 кезеңнен тұратын бетті тазалау міндетті түрде керек. Соны күн сайын жасаймын. Бұрын білмедік, қазір косметологтармен кеңесіп жүргесін үнемі айтып отырады. Содан кейін қолға алдым.

Киімдерім туралы айтсам, ескі киімдерге жаңа өмір сыйлағанды жақсы көремін. Бүлініп қалған жеріне тас жабыстырып немесе орамалмен сәндеп қоямын. Брендтерге қатты құмармын деп айта алмаймын. Күйеуіме айтып, алдыртып алатыным бар. Бренд дүниелердің бәрін күйеуім сыйлаған. Мен бағасын сұрамаймын. Гардеробымда бренд заттарым бар. “Күйеудің табысы әйеліне жұмсағанда артады” деген сөзге сенемін. Жолдасым да қарсылық танытқан емес”, – дейді Аша Матай.

Танымал актриса, блогер Әсел Асқар табысының денін косметика мен киімге жұмсайтынын жасырмады.

 “Табысымның 1 миилион теңгесіне косметика аламын”

“Макияжбен жүргенді жек көремін. Бірақ күн сайын түсірілім болғасын жасатуға тура келеді. Күнделікті өмірде биік өкше де киіп жүргенді ұнатпаймын. Спорттық аяқ киім киіп жүремін. Маған ең маңыздысы бетім таза, ылғалданып тұрса, болғаны. Ұйықтар алдында ғана крем жағамын. Тіпті сұйықтықпен сүртпеймін. Тек салқын сумен ғана жуамын. Табысымның 4 пайызын ғана жұмсаймын. Ол дегеніңіз – 400-500 мың теңге болады. Кейде 1 миллион теңгеге жарты жылға жететін косметика аламын. Ең қымбат кремді 450 мың теңгеге алғанмын. Ең арзаны – 50 мың теңге. Менің аяқ киімді қатты жақсы көремін. Оқырманымның бәрі біледі, аяқ киім ала беремін. Одан кейін сыртқы киімдерді жақсы көремін. Куртка, плащ, пальтодан көп киім жоқ менде. Сөмкенің де қымбатын ұстаймын. Белдік көп. Дүкендерден науқандық жеңілдікті күтіп жүремін. Өз бағасынан әлдеқайда жеңілдік жасалған киімдерді сатып аламын. Міндетті түрде қымбат дүкендерден киінемін деп айта алмаймын. Барахолкадан да, базардан да киімдер сатып аламын. Адамбыз ғой бәріміз. Тек атқарып жүрген кәсіптеріміз ғана бөлек”, – деп жан сырын ақтарды актриса.

Одан кейін танымал әнші, ұстаз Бақыт Тұрман да гардеробындағы қымбат заттарын айтып берді.

 “2 миилион теңге тұратын білезік пен сақина сыйлады” 

“Өзіміздің танитын ортада, достарымызбен қыдырғанда макияжбен жүрмеймін. Мерекелік концерттен бөлек, іс-шара, жиындарға макияжсыз бармаймын. Шашыма да, бетіме де күтім жасаймын. Менің бір қасиетім бар, ол жаман ба, жақсы ма білмеймін, ұнаған затыма жабысып қаламын. Кейбір құрбыларым ай сайын косметикасына түрлі фирманың өнімдерін алып отырады. Менде ондай қасиет жоқ. Бір крем ұнаса соны өмір бойы пайдаланамын. Басқасын алмастырсам, бетіме жақпай қалады деген қорқыныш болады. 50-60 мыңға базалық косметика аламын. Қомақты косметика алсам, баға жоғарылай береді. Бірақ бір жылға жететіндей етіп аламын. Стильге келетін болсақ, өзім киімдерді үйлестіріп киемін. Бренд бұйымдарым да бар. Бірақ өткен жылы Қайрат туған күніме Сartier брендінен білезік пен сақина сыйлады. Құны – 2 миллион теңге. Мен үшін, ең қымбат әрі бағалы бұйым. Өткен аптада ғана көктемге жеңіл киімдер алдым. Мен аптаның бір күнін дүкен аралауға жұмсаймын. Өтіп бара жатып, киім дүкеніне соғатын әдетім жоқ. Таңнан кешке дейін дүкен аралап жүре беремін”, – деді әнші-ұстаз.

Сонымен қатар, жақында ғана қалыңдық атанып, Семей өңіріне келін болған актриса Салтанат Серкебаева да сұлулығының сырын ашты.

       “Сахналық көйлектеріме ақша аямаймын” 

“Бет күтімі туралы айтсам, көп адам күледі. Тіпті бірі шошиды. Мен бетімді иіс сабынмен жуамын. Кез келген дүкендегі иіс сабынды пайдаланамын. Одан кейін корей косметикасын жақсы көремін. 5 кезеңнің тұратын бет тазалауды міндетті түрде жасаймын. Үнемі макияжбен жүремін деп айта алмаймын. Тек камера бар жерде ғана бетімді әрлеп аламын. Брендтен киінбеймін. Гардеробымда бренд заттар жоқтың қасы. Болашақта алатын шығармын. Бірақ сахналық киімдеріме ақша аямаймын. Ең қымбат көйлегімді 2 миллион теңгеге тіктірдім. Табысымның көп бөлігін саяхатқа жұмсаймын. Ақшамды саяхатқа жинаймын. Заттай дүниелерге қызықпаймын. Мысалы, бір жобадан 5 миилион теңге табыс тапсам, соның жартысын саяхатқа жинап қоямын. Арзан турлар мен гид бағаларын бақылап жүремін. Өмір сүру стилім сондай. Жақын күндері тағы саяхатқа жиналып жатырмын”, – деп болашақтағы жоспарын да айтып қалды актриса.

Фото ашық дереккөзден алынды.