Жүрсін Ерманға өкпелеген жаc жазушы одақтан кеткенін мәлімдеді

0
41

Жас жазушы Әлихан Жақсылық әдеби ұйымдардан түбегейлі кететінін мәлімдеп, өзінің жаңа жолын таңдады.

«ҚАРАПАЙЫМ ЖАЗУШЫМЫН, САУДАГЕРМІН!»

Әдеби ортада бомба жарылды десек артық айтпаған болар едік. Жазушы Әлихан Жақсылық әдеби клубтар мен ұйымдардың бәрінен бас тартып, мүлде басқа бағытқа бет бұрды.

«Күрт бұрылыс жасайтын уақытым келіпті. Сездім…» — дейді ол.

Жазушының айтуынша, ол енді бәйгелер мен марапаттарға үміт артпайды, тек жазу және нарықпен айналысуды мақсат тұтады.

«Әдеби орталардың мақсаты сыйлыққа, марапатқа, орденге ұсынуға арналғандай», — деп, ол қазіргі әдеби үрдіске сын айтқандай болды.

Әлихан Жақсылықтың айтуынша ол енді түбегейлі шығармашылыққа бет бұрмақ.

«Мен енді ешкім емеспін, қарапайым жазушымын, саудагермін!» — дейді автор.

ӘЛИХАН ЖАҚСЫЛЫҚ 

Әлихан Жақсылық қазақ әдебиетіне жаңалық болып келген жас жазушы. “Нотр-дамда құлшылық ету керек пе?”, “Африкадан Аляскаға”, “Ескі вокзалдың жолаушылары” романдарының, “Алты құрлық”, “Төрт мұхит”  хикаяттар жинағының авторы. Ұлыбританияның “Алты бұғы” әдеби сыйлығын жеңіп алған. “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Шығармалары ағылшын, түрік тілдеріне аударылып басып шығарылған.

ӘЛИХАННЫҢ ЖҮРСІН ЕРМАНҒА ӨКПЕСІ

Жас жазушы Әлихан Жақсылық белгілі ақын, айтыс жүргізушісі Жүрсін Ерманға назын әлеуметтік желіде жеткізген еді. 

ДАУ НЕДЕН ТУДЫ?

Ұзақ жылдар бойы айтыс өнерінің тізгінін ұстаған Жүрсін Ерман ақын Мұхтар Ниязовпен сұхбаттасқан. Сөз арасында жүргізуші Жүрсін Ерманнан кейінгі буынның аяқ алысы туралы сұраған. Ол жауабында бір кездері айтыс сахнасында өнер көрсеткен кейін прозаға бет бұрған Әлихан Жақсылықты тілге тиек етеді.

“Қазіргі жастар тайыз суда жүрген қайық сияқты. Көңіл көншітпейді. Қолдан жасаған қайғы қасіреттері бар. Соны айтады. Жын-шайтан соны жазады. Әлихан Жақсылық деген жігіт болды ғой бізде. Соны әуелде әлпештеп едік. Соның жолына түсіп кетті. Осындай жастар көбейіп кетті. Біреудің жолын кесейін дегенім жоқ.Өмірдің ақиқатын жазу керек. Жын-шайтан інжілді жазғандар толып жатыр. Ішімізге түспейді”, – дейді Жүрсін Ерман.

Жазушы Әлихан Жақсылық өз сөзінде өзін айтыс сахнасына шығарған Жүрсін Ерманға ренішін жасырмады.Ол әлеуметтік желідегі парақшасында ағынан жарылды.

«Қолдан жасалған қайғы қасіреттер жазады» деген сөзін түсінбедім. Мен шығармада ешқашан өзім жайлы, өзімнің жеке басым туралы жазып көрмеппін. Жүрсін Ерман атамыздың нені меңзеп, қай шығармам жайлы айтып отырғанын білмедім… Ата! Мен бәзбіреулер құсап еңіреп жылап, қолдан тағдыр жасап жүрген жоқпын. Дүниеде бар затты жазып, кітабымды сатып жайыма жүрмін. Шайтанға ерді дейтіндей бір жерде бірдеңе істеп отырғанымды көрдіңіз бе?”- дейді Әлихан Жақсылық.

“ҚАРТАЙЫП ҚАЛСАҢЫЗ ҚОЙСАҢЫЗШЫ…”

Жас қаламгер өзінің әдебиет әлемінде жолы бар екендігін айта келе Жүрсін Ерманға тоқтау салды.