Ер адамның да, әйел адамның да үш жұрты болады. Ер адамның өз жұрты (әкесі жағынан), нағашы жұрты (анасы жағынан), үйленген соң қайын жұрты (әйелі жағынан) болады. Әйел адамның да үш жұрты: өз жұрты (келген жері, күйеуінің елі), төркін жұрты (әкесі жағынан), нағашы жұрты (анасы жағынан) болады!
Бұл жерде қыз бала мен әйел деген ұғымдарды шатастырмау керек. Қыз – әлі тұрмысқа шықпаған оң жақта отырған қыз бала. Қазақ «қыз бала – жат жұрттық» деп қыз баланың жұртын түгендемеген. Ол күйеуге тиген соң ғана өз жұртын тапты деп есептеледі.
Келін қай елдің отын жағып, қай жердің түтінін түтетсе – сол келген жері өз жұрты болып табылады. «Барған жеріңе судай сіңіп, тастай бат!» деп берілетін бата да осыны меңзейді.
Келінге күйеуінің ағасы – қайнаға, інісі – қайны, қарындасы – қайынсіңлі аталғанымен келген жері қайын жұрт болмайды! Күйеуінің әкесі – қайын ата емес Ата деп, анасы -қайын ене емес – Ене деп аталады. Әйел келген жерінің отын жағып, баласын тауып, кейін сол елдің Анасына айналады.
Әйелдің елін сұрағанда күйеуінің (марқұм болса да) елін айтпай төркін жұртын айтуы көргенсіздік болып табылады.
Өз жұртым деп төркінін айтқан әйел ажырасқан әйел болып табылады. Өйткені, ажырасқан жағдайда төркін жұртын өз жұртым деп айтуына қақылы. Бұдан кейін басқа жігітке тұрмысқа шыққан жағдайда күйеуінің жұрты автоматты түрде өз жұртына, өз жұрты (әкесінің елі) төркін жұртына айналады.
Сонымен қайын жұрт тек ер адамда ғана болады екен. Әйелде қайын жұрт болмайды…
Мынатаубик АНЕСОВ, қоғам белсендісі.
Фото көрнекілік үшін.