Қазақстандық белсенді ұстаздар Астанаға барып, бірнеше депутатпен кездесуге ниет танытқан. Өкінішке қарай, депутаттар мұғалімдермен кездесуге шықпаған деп жазады Democrat.kz.
Еске салып өтейік, өткен аптада Мәжіліс депутаттары Ерлан Сайыров, Нартай Аралбайұлы, Мұрат Әбенов білім бөлімдерін аудандық әкімдік құзіретіне беруді, ал мұғалімдер қоғамдық жұмыстарға араласуы керегін айтқан еді.
Депутаттардың осы ұсынысы көптеген ұстаздың ренішін оятқан болатын. Педагогтар аталған екі ұсыныстың да қисынсыз екенін, тіпті "Педагог мәртебесі" заңына сай келмейтінін алға тартты.
Осы мәселеден кейін бірнеше белсенді мұғалім Астанаға жолға шыққандарын мәлімдеді.
Білім саласының тәжірибелі маманы, білікті ұстаз, белсенді педагог Өмір Шыныбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Астанада жүргендерін айтып: "Қоғам белсендісі Төртуыл Шоқан айтқан депутаттар қайда?
Депутат Сәбильянов, Нартай Аралбайұлы, Ерлан Сайыров, қайдасыздар? Сіздермен кездесуге біріміз Оралдан, біріміз Шымкенттен, біріміз Көкшетаудан келдік", деп мұғалімдерге қатысты түрлі бастама көтеріп, ұсыныс жасағыш депутаттармен сөйлескілері келетінін жеткізді.
Өкінішке қарай, өздерімен кездескісі келетін ұстаздармен кездесуге "ұсыныс жасағыш" депутаттың ешбірі де келмеді.