"Айтарым жоқ!" деген әкім айналасындағы шенеуніктерге шүйлікті

"Айтарым жоқ!" деген әкім айналасындағы шенеуніктерге шүйлікті

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдегі ауыз су тапшылығына байланысты шұғыл жиын өткізіп, коммуналдық салаға жауапты басшылардың жұмысын сынға алды. Әсіресе Ақтау қаласындағы су қысымының төмендеуі мен тұрғындардың тұрақты шағымы әкімнің наразылығын туғызған деп жазады Democrat.kz.

Жиында облыс басшысы жаз мезгіліндегі су тапшылығын түрлі техникалық себеппен түсіндіруге тырысқан мамандарға қатаң ескерту жасады.

«Жазда мұндай мәселе болмауға тиіс еді. Сендер мұнда отырып алып түрлі сылтау айтасыңдар. Сол сөздеріңді халықтың алдына барып айтып көріңдерші. Маңғыстаудың ауыз суына жауапты мамандардың бәрі осы жерде отыр. Не жандарың ашымайды, не бастарың істемейді. Басқа айтарым жоқ», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Әкім су жүйесіндегі барлық мәселені терең тексеріп, кімнің қандай міндетті орындамағанын анықтауды тапсырды. Оның айтуынша, жауапты қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істеуге тура келсе де, жағдайды бір-екі күннің ішінде тұрақтандыруға міндетті.

«Күндіз-түні ұйықтамайсыңдар ма, нысандарда қонасыңдар ма — мәселені шешіңдер. Кім өз жұмысын істемеді, соған қарай тиісті шешім қабылдаймыз», – деді өңір басшысы.

Қуат жеткілікті, бірақ тұрғындар неге сусыз отыр?

Кеңейтілген отырыста Ақтау мен Жаңаөзен қалаларын, сондай-ақ Мұнайлы және Түпқараған аудандарын сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Тұщыландыру зауыттарының қуатын ұлғайту және инженерлік желілерді жаңғырту жобалары да талқыланды.

Жауапты мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда су өндіретін негізгі нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Ақтау қаласының тәуліктік ауыз су қажеттілігі 61 020 текше метр деп көрсетілген.

Ал су өндіру көлемі мынадай:

  • «МАЭК» кәсіпорны — тәулігіне 40 700 текше метр;
  • «Каспий» тұщыландыру зауыты — 35 000 текше метр;
  • «Ақтау» тұщыландыру зауыты — 5 000 текше метр.

Бұдан бөлек, Мұнайлы ауданына тәулігіне 15 319 текше метр су беріледі.

Көрсеткіштерге қарағанда, өндірілетін су көлемі қаланың сұранысын өтеуге тиіс. Алайда тұрғындардың шағымы мәселенің тек су өндіруде емес, оны үйлерге жеткізу жүйесінде де бар екенін аңғартады.

Жоғарғы қабаттарға су жетпейді

Мамандар Ақтаудың кейбір шағынауданында, әсіресе көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында су көп тұтынылатын уақытта қысым төмендейтінін мәлімдеді.

Олар мұны сорғы жабдықтарының жұмыс ерекшелігімен және желідегі гидравликалық режиммен түсіндірген. Қазіргі уақытта қысымды тұрақтандыру үшін техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.

Дегенмен тұрғындар үшін судың зауытта қанша көлемде өндірілгенінен гөрі, оның пәтерге тұрақты жетуі маңызды. Сондықтан ресми көрсеткіштердің жоғары болуы коммуналдық жүйедегі нақты проблеманы жоққа шығармайды.

Джеки Чанның парақшасына дейін жеткен шағым

Ақтаудағы ауыз су мәселесі соңғы күндері күтпеген жерден халықаралық деңгейде де назарға ілікті. Өңірге кино түсіріліміне келген голливуд актері Джеки Чанның сапарынан кейін тұрғындар оның әлеуметтік желідегі парақшасына жаппай пікір қалдырған.

Ақтаулықтар XXI ғасырда ірі облыс орталығының тұрақты ауыз сусыз отырғанын жазып, актерден бұл мәселеге назар аударуды сұраған.

Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген су тапшылығының тұрғындарды қандай амалға баруға мәжбүр еткенін көрсетті. Шетелдік актердің парақшасына шағым жазу — мәселені шешудің ресми жолы емес. Бірақ ол жергілікті билікке деген сенімнің қаншалықты әлсірегенін аңғартатын белгі.

Маңғыстауда енді мәселенің қалай шешілетіні және әкімнің қатаң тапсырмасынан кейін қандай лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатыны маңызды болмақ.

Барлық жаңалықтар