Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жаңадан шешім қабылдағанын айтып, мәлімдеме жасады деп жазады Democrat.kz.
Депутат "Үш жыл бойы ой елегінен өткіздім, әріптестермен талқыладым, барлық тәуекел мен мүмкіндікті сараладым. Нәтижесінде нақты тоқтамға келдім" деп жазба жариялады.
"Биылдан бастап өз YouTube-арнамды қолға алып, қалың көрерменге тиісті контент ұсынбақпын" дейді мәжіліс депутаты.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл арнаның негізгі мақсаты – заңдарды азаматтарға түсінікті әрі қарапайым түрде жеткізу. Яғни жаңа заң жобалары не үшін қажет, олар адамдарға қандай пайда береді, қабылданған нормалар іс жүзінде қалай жұмыс істейді – осының бәрі арнада ашық айтылатын көрінеді.
Аймағамбетов жеке YouTube-арнасында тек заң шығару туралы ақпаратпен шектелмейтінін жазған:
1. Қабылданған заңдардың орындалу барысы;
2. Партиялық бағдарламалар аясындағы жұмыс;
3. Өз тәжірибем негізінде салалық сараптамалар да қамтылады.
Мәжілісмен тақырыптарды жан-жақты талқылау үшін сарапшылар мен арнайы қонақтарды шақыруды да жоспарлаған.
Депутаттың YouTube-арнасында қазірдің өзінде бірқатар архивтік материалдар бар. Алдағы уақытта жаңа контент тұрақты түрде көрерменге жол тартады екен.