"Бала оқытуға мұрша жоқ": Құжат толтырумен жүрген мұғалімдер жан айқайын жеткізді

"Бала оқытуға мұрша жоқ": Құжат толтырумен жүрген мұғалімдер жан айқайын жеткізді

Қазақстандық мұғалімдер мектептегі негізгі жұмыстың оқушыға сабақ беруден алыстап бара жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Әлеуметтік желіде тараған жазбада педагогтерге жүктелетін есеп, тексеріс, цифрлық платформалар мен әкімшілік тапсырмалардың көбейгені сөз болып, оған жазылған пікірлерде «балаларға қашан сабақ береміз?» деген сауал өткір қойылды, деп жазады Democrat.kz.

Instagram-дағы didactika_kz парақшасында қазіргі мектептің басты мәселелерінің бірі ретінде мұғалімдердің шамадан тыс жүктемесі көтерілген.

Жазба авторы әкімшілік пен ата-аналар тарапынан болатын қысым, үздіксіз тексерістер, жаңа есеп түрлері мен сан алуан цифрлық платформалар педагогтің ең негізгі міндеті — бала оқытуға кететін уақытын жеп жатқанын айтады.

Жазбада:

«Қазіргі мектептің жүйелік мәселесі — мұғалімдердің орасан зор жүктемесі. Әкімшілік пен ата-аналардың тұрақты қысымы, тексерістер және жаңа есептік платформаларды игеру қажеттілігі ең маңызды жұмыстан — балаларды оқытудан ресурсты алып қояды», — деген пікір білдірілген.

Бұл ойды мұғалімдердің өздері де қолдап отыр.

Пікірлердің бірінде педагог:

«Біз балаларды қашан оқытамыз? Сабаққа қашан дайындаламыз? Өзіңді мұғалімнен басқа кім болсаң да сезінесің», — деп жазған.

Оған жауап берген тағы бір қолданушы:

«Ештеңе үйретудің қажеті жоқ. Кейін мұғалім сапаны қағаз жүзінде көрсетеді. Сосын бәрі жақсы болып шығады», — деп мәселені ащы мысқылмен жеткізген.

Тағы бір мұғалім мектептегі жиналыстардың өзі жұмыс уақытынан асып кететінін айтады.

«Бізде педагогикалық кеңес үш сағатқа созылады. Кешкі сегіз-тоғызға дейін мектепте ұстайды. Кеңестің бәрін тыңдап отырасың, ал жұмыс туралы ештеңе айтылмайды. Тек жалақы алып жүргендейміз. Әзірге шыдап жүрміз», — дейді ол.

Басқа пікірде мұғалімдерге Білім класс секілді жаңа платформаларды меңгеру міндеттеліп жатқаны, бірақ соған сай сынып жетекшілігі үшін төлем мәселесі көтерілмейтіні жазылған.

Тағы бір қолданушы:

«Мұғалімдер аналитиктердің жұмысын істеп отыр, ал аналитиктер отырып шай ішіп, жалақы күтіп отыр», — деп жазған.

Бұл пікірге жауап берген тағы бір мұғалім цифрлық платформа арқылы есеп пен статистикалық мәліметтер жиналса, сол жұмыспен айналысатын арнайы мамандар не үшін қажет деген сауал қойған.

Педагогтер әсіресе соңғы уақытта әртүрлі платформаларға ата-ана, бала, үлгерім, тәрбие және басқа да мәліметтерді қайта-қайта енгізуге мәжбүр екенін айтып отыр.

Бір пікірде:

«Баланың да, ата-ананың да бүкіл мәліметін біз білуіміз керек. Бар жауапкершілікті бізге артып, үстіне барлық платформаны толтыртты. Қаншаға дейін?» — деген наразылық жазылған.

Тағы бір мұғалім бұрын жиынтық бағалауға қатысты кейбір талаптар қысқартылғанымен, олардың орнына одан да көп есеп пен міндет пайда болғанын айтқан.

«Жүктемені жеңілдеттік дейді. Бірақ оның орнына сонша нәрсе ойлап тапты, айтып тауыса алмайсың. Бәрін тастап, жұмыстан кеткің келеді. Оның үстіне тексеруге жиырма адамнан келеді», — деп жазған ол.

Пікірлерде мұғалімдердің демалыс күндері де жұмыс істеуге мәжбүр болатыны айтылған.

Бір педагог сенбі күні жұмыс күні аяқталғаннан кейін шұғыл есеп толтыру тапсырылғанын, оны жексенбі күні кешкі алтыға дейін өткізу міндеттелгенін жазған.

Осы пікірлердің барлығында бір ортақ мәселе байқалады: мұғалім негізгі кәсіби міндеті — балаға сапалы сабақ өткізу мен сабаққа дайындалудан алыстап бара жатқанын сезінеді.

Мектепте цифрландыру, есеп жүргізу, статистика мен бақылау қажет болуы мүмкін. Алайда олардың барлығы мұғалімнің уақытын толықтай алып қойса, онда білім беру жүйесіндегі ең басты сұрақ алға шығады:

Мұғалім балаға қашан сабақ береді?

Педагог сабақ жоспарын дайындауға, баланың біліміндегі олқылықты анықтауға, жеке жұмыс жүргізуге және өз пәнін сапалы түсіндіруге уақыт таппаса, онда мектептегі кез келген цифрлық реформа мен жаңа есептің түпкі мақсатының өзі күмән тудырады.

Өйткені мектептің басты нәтижесі толтырылған платформа немесе тапсырылған есеп емес.

Нәтиже — білім алған бала.

Барлық жаңалықтар