"Жиенді "немере" десек, күйеубаланы "әулеттің мұрагері" дейміз бе?

"Жиенді "немере" десек, күйеубаланы "әулеттің мұрагері" дейміз бе?

Қазір әлеуметтік желіде қыздан туған бала да немере болады деген пікірлер жиі айтылып жүр. Әсіресе ел алдында жүрген кейбір журналистер мен танымал өнер адамдары халықты шатастырып, "қыздан туған бала да немере" деп шалағай пікір таратып жүр.

Бірақ бұл – қазақтың текті болғанын білмеген адамның сөзі. Қазақта қыздан туған бала ешқашан немере саналмаған. Ол – жиен. Бұл – салтпен де, дәстүрмен де, шежіремен де, баба сөзімен де бекіген қағида.

Қыз бала – жат жұрттық. Ол өз ұясынан ұзап, өзге атаның шаңырағына келін боп түскен күннен бастап, оның құрсағынан туған бала сол түскен үйдің ұрпағы болады. Өз жұртына, яғни төркініне ол бала жиен саналады. Қазақ жиенін сыйлаған,ардақтаған.

Ат мінгізіп, шапан жауып төркіндетіп отырған. Жиенге қол көтермеген, жиен нағашысынан қалағанын сұрамастан жиендік қылып үйір малына дейін айдап әкетіп отырған.

Бірақ қазақ жиенді ешқашан өз сүйегіне жатқызбаған. Жиен ешқашан мұрагер болмаған, руға кірмеген, атасына немере болмаған. Ертеде қыз бала екіқабат кезінде төркініне баруға қысылатын, ұялатын. Себебі “бөтен елдің баласын көтеріп бардым” деп, ұят санаған.

 Тек босанып, баласы жетіліп, баланың сүйегі қатып, етін үйіріп алған соң ғана төркіндеп барған. Сол кезде нағашы жұрты алғаш көріп тұрған баланы " жиен" деп қабылдап, қуанып, сый-сияпатын жасап, шығарып салған.

Ал қазіргі күні жүкті бола салып, қампиған қарынын, ішкиімін түсіріп, іші білінісімен сүйінші сұрап жатқан ( біреулердің пәлен бала туған, тума қатындары сияқты) әйелдердің бәрі қазақы ұяңдық пен салмақты салтты табанға таптап отыр.

Менің өз ағам қызынан туған екі балаға “менің немерем” дейтін. Мен “олар саған жиен” десем, “менен туған қызымның баласы ғой, неге маған немере болмайды?” деп қарсы шығатын.

Бірақ кейін өз ұлынан туған немересі дүниеге келген соң, өзі-ақ мойындады, ана жиендер боқ сасып қалды. “Ай, расында, өз немере деген мүлде басқа болады екен. Бұларды қыздың көңілі үшін жақсы көремін"-деп құтылды соңында.

Тағы бір мысал – өз нағашы атам. Біздер сол кісіден тараған үш қызының балдары болсақ та, ешқашан біздің маңдайымыздан сипап еркелетпек түгілі, бізге көңіл де бөлмепті. Керісінше, “қызталақтың балдары” деп шеттететін.

Біз сол кезде ғана нағашыларымызға бөтен екенімізді сезінуші едік. Ал өз ұлынан туған балаларын айналып-толғанып отыратын. Бұл да жиен мен немеренің айырмасын шынайы өмірдің өзінен-ақ көрсетеді. Қазақтың ежелгі жүйесі бұзылмауы керек. Қыздан туған бала – жиен.

Ол төркінге ардақты, бірақ немере емес. Еркектен туған бала – немере. Ол әулеттің мұрагері, тектің жалғасы. Осыны шатастырсақ, ертең күйеу баланы да “балам” деп, бөтеннің баласына мұра қалдырып жүретін болармыз.

Жиеннің де, немеренің де өз орыны бар. Бірақ ол орын – екі бөлек. Қазақтың сөзі – терең, жолы – таза. Тек соны әнші мен журналист, блогерлерге еріп бұрмалаудан сақ болайық! Жиен, ол- жиен. Ал нағашың тілекшің!

Ал өзі қыз туып, қыздың балдарына таласып, " немерем" деп айтып, үйдегі Барбос байларыңды да жиенін жекелеп "немерем" деп еншілетіп қойған қатындарға айтарым:

Егер өздеріңнің қолдарыңнан күйеуіңе ұрпақ сыйлау, сол әулеттің отын өшіргілерің келмесе тоқал әперіңдер. Ұрпақ сүйсін, бірге қуаныңдар, "зато" өз тегің, өзіңнің немерең болады. Осы жағын ойласам, ертедегі қазақтың әйелдері беріге дейін текті болған екен деймін. Ал қазіргілер ше?

Байкал САИМОВ, қоғам белсендісі.

Фото көрнекілік үшін.

 

 

Барлық жаңалықтар