Жол апатына қатысты Бақытжан Базарбек мәлімдеме жасады

Жол апатына қатысты Бақытжан Базарбек мәлімдеме жасады

Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбектің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін зардап шеккен Нұржігіт есімді азаматтың жағдайына қатысты жаңа мәлімет жарияланды деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде Нұржігіттің туыстарының видеожазбасы тарап, олар көпшіліктен науқастың сауығып кетуіне тілекші болып, дұға етуді сұрады.

Туыстарының айтуынша, Бақытжан Базарбек те қазіргі уақытта олардың жанында болып, зардап шеккен азаматтың емделуіне қажетті көмекті көрсетіп жатыр.

«Қазіргі таңда Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Бауырымның аяққа тұрып кетуіне еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазір бауырымның жағдайы қанағаттандырарлық. Құрметті халайық, бауырым үшін дұғада болыңыздар», – делінген үндеуде.

Бақытжан Базарбек те Нұржігіттің денсаулық жағдайына қатысты пікір білдіріп, дәрігерлер тарапынан қажетті медициналық көмектің көрсетіліп жатқанын айтты.

Оның сөзінше, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауға алған. Науқасқа реаниматологтар мен травматологтар кеңес беріп, тиісті емшаралар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан дәрігерлік консилиумдар ұйымдастырылған.

«Қазір оң өзгерістер бар», – деді Бақытжан Базарбек.

Қазіргі уақытта дәрігерлер зардап шеккен азаматтың жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті медициналық шараларды жалғастырып жатыр. Науқастың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігі мен Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.

Барлық жаңалықтар