Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы құрамына енген кәсіпкер, «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы төралқасының төрағасы Жұмабек Жанықұлов жаңа міндетіне қатысты мәлімдеме жасады. Ол Кеңестегі жұмысын ел алдындағы үлкен жауапкершілік деп қабылдайтынын айтып, жинаған тәжірибесі мен білімін Қазақстан халқына қызмет етуге жұмсауға дайын екенін жеткізді, деп жазады Democrat.kz.
Мемлекет басшысының 22 қыркүйектегі Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді. Ресми тізімге Жұмабек Жанықұлов та енген. Ол Кеңесте «PARYZ» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілердің (кәсіпкерлердің) ұлттық конфедерациясының атынан өкілдік етеді.
Осыған байланысты кәсіпкер мәлімдеме жасап, жаңа міндетіне қатысты ұстанымын білдірді.
«Президент Жарлығымен бекітілген Халық Кеңесінің алғашқы құрамында болуды ең алдымен ел алдындағы үлкен жауапкершілік деп қабылдаймын», – деді Жұмабек Жанықұлов.
Кәсіпкер өзінің бизнес пен қоғамдық қызметте жинаған тәжірибесін ел дамуына жұмсауға ниетті екенін айтты.
«Кәсіпкер және қоғам қайраткері ретінде жинаған бар тәжірибем мен білімімді Қазақстан халқына қызмет етуге, еліміздің дамуына нақты үлес қосуға жұмсауға дайынмын».
Жанықұлов Халық Кеңесінде «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясының атынан өкілдік етудің өзіне үлкен міндет жүктейтінін де атап өтті.
Оның сөзінше, Кеңестегі жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – қоғамның үнін естіп, мемлекет пен халық арасындағы диалогқа ықпал ету.
«Ең бастысы – халықтың үнін естіп, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогқа, нақты шешімдерге өз үлесімізді қосу», – деді кәсіпкер.
Жұмабек Жанықұлов қазіргі уақытта «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы төралқасының төрағасы қызметін атқарады. Конфедерацияның ресми мәліметінде ол Қазақстан экономикасының түрлі салаларында жұмыс істейтін бірқатар компанияның ортақ иесі ретінде көрсетілген.