Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова әлеуметтік желідегі парақшасында Құрылтай депутаттарының ант беру сәтіне қатысты пікір білдірді. Өнер иесі кейбір депутаттардың алдын ала дайын мәтінді дұрыс оқи алмағанын сынап, бұл көріністі ел алдында жауапкершілік алатын адамға жараспайды деп бағалады, деп жазады Democrat.kz.
«Ант беріп тұрған кейбіреулердің параққа жазылу дайын сөздерін ең болмағанда дұрыс оқуға ынталанбағандары, құдды бір мазақ қылып тұрғандай... Қарап отырсаң, дардай кісілер. Айтып тұрғандары екі-ақ ауыз сөз ғой. Құрылтайымыз – Құрылтай болыпты! Айтарға сөз жоқ», – деп жазды әнші.
Мөлдір Әуелбекованың жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік әншінің бұл жолғы пікірін күтпегенін айтып, оны қолдап шыққан.
«Мен Мөлдір Әуелбековадан мұндай жазба күтпедім. Респект», – деп пікір қалдырғандардың бірі.
Тағы бір қолданушы:
«Басқа да медиа адамдары осы мәселені айтса екен. Неге бәрі үндемейді?» – деп жазған.
Желі қолданушыларының бір бөлігі депутаттардың ант мәтінін алдын ала жаттап немесе ең болмаса анық, кідірмей оқуға дайындалуы керек еді деген пікір білдірген.
«Жай ғана акт залында өтетін концертке сөзімізді жаттап дайындаламыз. Ал ана кісілер елдің алдында ант беріп жатып дайындалуға болар еді», – деп жазды бір оқырман.
Тағы бірі депутаттың ант беруі қарапайым мәтін оқу емес, халық пен ел алдындағы жауапкершілікті мойнына алу сәті екенін атап өткен.
«Ант беру деген – бүгін бір елдің тағдырын шешетін, халқына, еліне адал қызмет ететініне уәде беру», – деген пікір қалдырылған.
Кейбір қолданушылар бұл көріністі мектеп оқушыларымен салыстырған.
«Мектептегі 5-сынып оқушыларым жаттап алып, тақылдатып айтып береді. Үлкен адамдардың міңгірлеп тұрғанын көріп, жүрегің ауырады екен», – деп жазған ұстаздардың бірі.
Желіде «екі қатар сөзді жаттап келуге болатын еді», «жауапкершілік осы жерден-ақ көрінеді» деген пікірлер де айтылды.
Мөлдір Әуелбекованың жазбасы аз уақыт ішінде мыңдаған реакция жинап, әлеуметтік желідегі ең көп талқыланған пікірлердің біріне айналды.