Қағазға көмілген мұғалім, бітпейтін тексеріс, түсініксіз бағалау жүйесі, жаңа платформалар, мардымсыз еңбекақы, мектептегі әділетсіздік пен балалар қауіпсіздігі. Қазақстанның білім саласында қордаланған мәселелерді ұстаздар күн сайын айтып жатыр. Ал осының бәріне жауап беруге тиіс министрліктің жұмысы неге педагогтердің көңілінен шықпай отыр? Қазақстанның білім саласында алаңдатарлық жағдай қалыптасып келеді деп жазады Democrat.kz.
Бұрын мұғалімдер өздерін толғандырған мәселелерді айтып, оның шешілгенін күтетін. Қазір әлеуметтік желідегі жазбалардан үміттен гөрі реніш, наразылық, кейде тіпті шарасыздық байқалады. Ұстаздар енді тек мәселесін айтып қана қоймай, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үнсіздігіне де ашық шағымдана бастады.
«Министр өзі бар ма?», «Бізді кім естиді?», «Мұғалімнің сөзіне құлақ асыңыз!» деген сарындағы пікірлер жиі кездеседі.
Бұл – жеке мұғалімдердің көңіл күйі ғана емес. Бұл – білім жүйесін басқарып отырған адамдар мен сол жүйенің ауыртпалығын күн сайын көтеріп жүрген педагогтер арасындағы сенімнің әлсірей бастағанының белгісі.
Democrat.kz білім саласындағы мәселелерді жүйелі түрде көтеріп келеді. Күн сайын жарық көрген материалдардың мазмұнына үңілсек, мұғалімдердің шағымдары кездейсоқ емес, бір-бірімен тығыз байланысты екені байқалады.
Қағазбастылық жойылды ма, әлде электронды түрге көшті ме?
Мұғалімдердің ең көп көтеріп жүрген мәселесі – бітпейтін есеп пен құжат.
Күнтізбелік жоспар, қысқа мерзімді жоспар, бөлімдік және тоқсандық жиынтық бағалау, түрлі мониторинг, әлеуметтік паспорт, электронды журнал, сынып жетекшілігіне қатысты есептер...
Мұның үстіне әртүрлі тексерістер, зерделеулер, семинарлар мен ашық сабақтар қосылады.
Әлеуметтік желіде бір мұғалім аудандық тексерістен кейін облыстық, одан соң республикалық тексеріс келетінін айтып, ұстаздардың сабақ беруге емес, құжат дайындауға мәжбүр екенін жеткізді.
Ал басқа педагогтер бұрын қағазға жазылған есептің енді электронды жүйелерде қайталанып отырғанына наразы.
Бұл жерде министрлікке қойылатын негізгі сұрақ қарапайым: мұғалімді артық жұмыстан босату жөнінде айтылған уәделер іс жүзінде қаншалықты орындалды?
Егер мұғалімнің жұмыс уақыты бұрынғысынша есепке, құжатқа және тексеріске жұмсалса, қағазбастылықты қысқарту туралы мәлімдемелердің нақты нәтижесі қайда?
Balazhan: мұғалімге тағы бір міндет жүктелді ме?
Соңғы уақытта педагогтердің ерекше наразылығын туғызған мәселелердің бірі – Balazhan платформасы.
Мұғалімдер мен ата-аналар бұл жүйеге балалардың және олардың отбасы мүшелерінің жеке деректерін енгізуге қатысты алаңдаушылық білдірді.
Әлеуметтік желі қолданушылары кімнің қайда жұмыс істейтіні, отбасы құрамы, мекенжайы және өзге де жеке мәліметтердің не үшін жиналатынын сұрап жатыр.
Бірқатар мұғалімдер жүйеге электрондық цифрлық қолтаңба арқылы кіру және дербес деректердің қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
Бұл шағымдар жаңа платформаны енгізудің техникалық жағына ғана қатысты емес. Мұғалімдерден оқыту міндетіне тікелей қатысы күмәнді жұмыстарды орындау талап етіле ме деген мәселе де туындап отыр.
Білім саласын цифрландыру мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек еді. Ал педагогтердің шағымдарына қарағанда, кей жағдайда жаңа жүйелер қосымша міндет пен жауапкершілікке айналып отыр.
Министрлік бұл мәселеге қатысты түсініктеме бергенімен, мұғалімдердің нақты алаңдаушылығы сейілді ме? Деректердің қауіпсіздігіне кім жауап беретіні және олардың қандай құқықтық негізде жиналатыны әр педагог пен ата-анаға түсінікті ме?
Бұл сұрақтардың жауабы көпшілікке анық әрі дәлелді түрде жеткізілуге тиіс.
10 мың теңге мен таусылмайтын жауапкершілік
Сынып жетекшілігі – мұғалімдерді қажытқан тағы бір мәселе.
Ұстаз тек сабақ бермейді. Ол сыныптағы тәртіпке, оқушылардың сабаққа қатысуына, ата-аналармен байланысқа, тәрбиелік іс-шараларға, балалар арасындағы кикілжіңдерге, түрлі құжаттар мен есептерге жауап береді.
Алайда осы жауапкершілікке төленетін қосымша ақының көлемі педагогтер арасында өткір сынға ұшырап отыр.
Әлеуметтік желіде жарияланған талдауда 5–11-сынып жетекшілеріне төленетін базалық қосымша ақы шамамен 10 618 теңге екені, ал 15 оқушыға жетпейтін сыныптарда оның екі есе қысқаратыны көрсетілген.
Ең қызығы, мұғалімнің жауапкершілігі оқушы саны азайған сайын дәл сол мөлшерде төмендемейді.
Мәселен, 30 оқушысы бар сынып жетекшісі мен 18 оқушысы бар сынып жетекшісінің еңбегі бірдей ме? Бірі аптасына бірнеше сағат сабақ беретін сыныпты басқарады, екіншісі күн сайын өзі оқытатын балаларға жетекшілік етеді. Олардың мүмкіндігі мен жұмыс жағдайы неге ескерілмейді?
Кейбір мұғалімдер сынып жетекшілігіне төленетін ақыны 50 мың теңгеге дейін арттыруды, ал өзгелері бұл қызметті жеке штаттық бірлік ретінде қарастыруды ұсынды.
Бұл – бір күнде пайда болған талап емес.
Ендеше, Жұлдыз Сүлейменова басқаратын министрлік осы ұсыныстардың қайсысын зерттеді? Қандай шешім қабылдады? Мұғалімдер оның нәтижесін қашан көреді?
БЖБ мен ТЖБ: бағалау білімнен маңызды болып кетті ме?
Білім саласындағы тағы бір үлкен қайшылық – оқушының білімін бағалау жүйесі.
Мұғалімдер әсіресе химия, математика және бастауыш сыныптарда жиынтық бағалаудың жиілігі мен көлеміне шағымдануда.
Әлеуметтік желідегі жазбалардың бірінде химия пәнінен аптасына бір-екі сағат қана сабақ өтетін сыныптарда тоқсан сайын бірнеше бөлімдік жиынтық бағалау жүргізілетіні айтылды.
Педагогтер зертханалық, практикалық жұмыстар мен күнделікті сабақтың арасында бағалау тапсырмаларын орындауға уақыт жетпейтінін алға тартады.
Бастауыш сынып мұғалімдері де балалардың жас ерекшелігіне сай келмейтін тапсырмаларға алаңдаушылық білдірді.
Министрлік бастауыш сыныптардағы жиынтық бағалау жүйесін өзгерту мәселесін көтерген болатын. Бірақ мұғалімдердің қазіргі шағымдары бағалау жүктемесінің әлі де өзекті екенін аңғартады.
Мәселе бағалаудың мүлде болмауында емес. Мәселе – бағалау оқытудың құралы болудың орнына мұғалім мен оқушыны шаршататын жеке мақсатқа айналып кетпеді ме деген сауалда.
Мектептегі әділетсіздік: мұғалімді кім қорғайды?
Әлеуметтік желідегі ең ауыр жазбалардың бірі Астанадағы №119 мектепте жұмыс істеген педагогтің басынан өткен жағдайға қатысты болды.
Өзін спорт шебері, шәкірттері арасында ел чемпионаттарының жүлдегерлері бар жаттықтырушы ретінде таныстырған мұғалім мектепте бір жыл еңбек етіп, әріптестер мен басшылық тарапынан қысым көргенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, жас мамандарды кемсіту, таныстық арқылы жұмысқа орналастыру, қызметкерлерге әділетсіз қарау секілді мәселелер болған.
Бұлар – әзірге әлеуметтік желіде жарияланған шағымдар. Олардың әрқайсысы тәуелсіз тексеруді қажет етеді.
Алайда осы оқиғаға пікір жазған өзге мұғалімдер де мектеп басшылығы тарапынан қысым көргендерін, жұмыстан кетуге мәжбүр болғандарын айтқан.
Демек, мәселе бір мектептің қабырғасымен шектелмеуі мүмкін.
Министрлік мұғалімнің мәртебесін қорғауды маңызды міндет ретінде жариялап келеді. Бірақ нақты мектепте басшылық тарапынан қысым жасалды деген шағым түскенде педагог өзін қаншалықты қорғалған сезінеді?
Мұғалімнің құқығы қағаз жүзінде ғана қорғалса, оның беделі туралы айтылған ұрандардың құны қанша?
Балалардың улануы: қауіпсіздік мәселесі неге қайта көтерілді?
Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқушылардың жаппай сырқаттануы білім жүйесіндегі қауіпсіздік мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарды.
47 оқушының ауруханаға түскені туралы ақпарат жарияланып, кейін санитариялық талаптардың бұзылғаны жөнінде ресми мәлімет берілді.
Оқу-ағарту министрлігі мониторинг тобын жіберіп, тиісті бақылауды күшейту туралы тапсырма бергенін хабарлады. Оқу процесі уақытша қашықтан ұйымдастырылды.
Бірақ мұндай жағдайда тек тексеріс жүргізілгенін хабарлау жеткілікті ме?
Мектеп асханасындағы кемшіліктер неге уақтылы анықталмаған? Балалардың денсаулығына қауіп төнгенге дейін ішкі бақылау қалай жүргізілді? Анықталған бұзушылықтар үшін кім жауап береді?
Білім саласын басқарудың нәтижесі жаңа бастамалардың санымен ғана емес, оқушының қауіпсіздігімен де өлшенуге тиіс.
Осы тұрғыдан алғанда, министрліктің міндеті оқиға болғаннан кейін әрекет ету ғана емес, мұндай жағдайлардың алдын алатын жүйенің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Ең басты мәселе – министрлік пен мектеп арасындағы алшақтық
Жұлдыз Сүлейменова қызметке келгеннен бері білім сапасы, мұғалім мәртебесі, цифрландыру, оқу бағдарламаларын жетілдіру және балалар қауіпсіздігі туралы бірнеше рет мәлімдеме жасады.
Министрлік тарапынан жұмыс сапарлары, педагогтермен кездесулер, қоғамдық қабылдаулар өткізілгені де ресми түрде хабарланды.
Алайда осы кездесулердің болғаны мұғалімдердің күнделікті мәселелері толық шешілді деген сөз емес.
Білім жүйесіне жаңа технология енгізу маңызды. Бірақ мектептегі мұғалім әлі де артық құжат толтырып отырса, цифрландырудың тиімділігіне сұрақ туады.
Оқу бағдарламасын жетілдіру маңызды. Бірақ оқушы күрделі тапсырмалардан қажып, мұғалім оларды түсіндіруге уақыт таппаса, жаңашылдықтың нәтижесі күмәнді.
Мұғалім мәртебесін көтеру маңызды. Бірақ ол басшылықтың қысымынан қорғана алмай, сынып жетекшілігі үшін мардымсыз ақы алса, мәртебенің шынайы өлшемі қандай?
Ең бастысы, министрлік педагогтердің көтерген мәселелеріне тек түсініктеме берумен шектелмей, оның шешілгенін нақты нәтижемен көрсетуге міндетті.