"Ол жерде мен қорландым" деген Роза Әлқожа сұмдық мәлімдеме жасады

"Ол жерде мен қорландым" деген Роза Әлқожа сұмдық мәлімдеме жасады

Танымал әнші Роза Әлқожа соңғы күндері әлеуметтік желіде өзіне қарсы айтылып жатқан ауыр сөздер мен сын-ескертпелерге байланысты үнсіздігін бұзды. Желі қолданушыларының, әсіресе кейбір радикалды көзқарастағы азаматтардың өзін кінәлауына Түркістан облысында өткен тойлардың бірінде болған оқиға себеп болған деп жазады Democrat.kz.

Даудың басы қалай басталды?

Еске салсақ, той үстінде түсірілген даулы видеоны желіге ең алғашқылардың бірі болып Роза Әлқожаның өзі жариялаған еді. Бейнежазбада тойға келген қонақтардың бірі уағыз айтып, әншінің шымбайына тиген. Бұл видео қоғамда үлкен резонанс тудырып, желіде қызу талқыланды. Нәтижесінде, мерекелік жиында заңсыз уағыз айтқан азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Алайда бұл оқиғадан кейін әншінің өзіне бағытталған айыптаулар толқыны басталып кетті. Қолданушылар тарапынан «қожа бола тұра мұсылман бауырына қарсы шықты» деген сияқты өкпе-наздар жиілей түскен.

«Мен ешкімнің үстінен арыз жазған жоқпын»

Желідегі шабуылдан кейін өнер иесі бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын айтып, іштегі өкінішін білдірді:

«Кешеден бері осы мәселе басылмай жатыр. Біз де діннен алшақ жүрген жандар емеспіз, Алладан қорқатын мұсылманбыз. Бауырларымның бәрі намаз оқиды. Бірақ өкінішке қарай, әсіре діншілдер бізге қарсы шығып жатыр», – деді әнші.

Роза Әлқожа өз сөзінде тек тектік артықшылық емес, жалпы мұсылмандық жауапкершілік туралы қозғап, Кімнің ақ, кімнің қара екенін тек Жаратқан ғана білетінін жеткізді:

«Тек қожалар ғана емес, бәріміз де мұсылманбыз. Оның ішінде шариғат жолын толық ұстанатындар да, ұстана алмай жүргендер де бар. Кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екені бір Аллаға ғана аян. Ең бастысы – бәріміздің жүрегімізде Алла бар. Ал мына болған жағдай – қоғамның берген бағасы. Биліктің де өз заңдары бар. Ол кісі дінді құбыжық етіп көрсеткені үшін өз сөзінен тапты. Бұл да Жаратқанның қалауымен болған іс дер едім. Мен ол шалдың үстінен полицияға арыз жазған жоқпын, соттатқан да жоқпын. Бейнежазбаны халықтың таразысына салдым. Себебі сол жерде мен қорландым. Өкінішке қарай, мені асаба да, той иелері де қорғап қалмады. Бала-шағамды үйге тастап, қуанышына ортақтасайын деп сонша жерден арнайы барғанымда көргенім осы болды. Сондықтан бұл – қоғамның берген өз соты», – деп түйіндеді өнер иесі.

Барлық жаңалықтар