«Жомарт» кенішінде өндірістік үдерісті цифрландырудың жаңа кезеңі басталды. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС «Союз Гео Мех» ЖШС-мен бірлесіп, тау жынысы массивінің жағдайына геомеханикалық мониторинг жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйені құруға кірісті деп жазады Democrat.kz.
Жаңа жүйе тау жынысы массивінің жай-күйін тұрақты түрде бақылап, ықтимал тәуекелді дер кезінде анықтауға және тау-кен жұмысын қауіпсіз жүргізу үшін инженерлік шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Жобаның алғашқы кезеңі RS10 мобильді кешенін пайдалана отырып, жерасты тау-кен қазбасын жоғары дәлдікпен лазерлік сканерлеуден басталды. Жабдық миллиондаған кеңістіктік нүктені тіркеп, кеніштің үшөлшемді моделін жасайды. Мұндай цифрлық модель жерасты тау-кен қазбаларының геометриялық көрсеткіштерін жоғары дәлдікпен бақылауға, тау жынысы массивінің жағдайындағы өзгерістерді қадағалауға және оның жекелеген учаскелерінің тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік береді.
Алынған дерек геологиялық, маркшейдерлік және геотехникалық ақпаратпен біріктіріледі. Бұл мамандарға тау жынысы массивінің жағдайын кешенді түрде талдауға, ықтимал қауіпті аймақты дер кезінде анықтауға және бекіту параметрлерін таңдау, тау-кен жұмысын жүргізу ретін жоспарлау, сондай-ақ бұрғылау-жару жұмысына түзету енгізу кезінде инженерлік шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Жоба үздіксіз мониторинг жүргізу қағидатына негізделген. Лазерлік сканерлеуді тұрақты түрде жүргізу және алынған деректегі өзгерісті талдау жерасты тау-кен қазбаларының ағымдағы жай-күйін тіркеп қана қоймай, ықтимал өзгерістерді болжауға әрі бұрын қабылданған техникалық шешімдердің тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Цифрлық геомеханикалық мониторинг жүйесін енгізу Қазақмыстың өнеркәсіптік қауіпсіздікті дамыту және өндірісті цифрлық трансформациялау жөніндегі кешенді бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Заманауи технологияларды пайдалану тау-кен жұмысында инженерлік сүйемелдеу сапасын арттыруға, жерасты қазбаларының жағдайын бақылауды күшейтуге және «Жомарт» кенішін қауіпсіз әрі тұрақты пайдалануға жағдай жасауға мүмкіндік береді.