Оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен сол министрлікте бұрын қызмет етіп, кейін жұмысынан шығарылған және жақында жұмысымнан айырылып қалуым мүмкін деп қауіптенгендер Президентке шағымданып, хат жолдағаны мәлім. Бұл туралы Democrat.kz. сайты бірінші болып ақпарат таратқан болатын. Бірнеше күннен бері осы шулы шағымға қатысты әлеуметтік желіде пікірталас басылмай тұр деп жазады Democrat.kz.
Сайтымызда жарияланған осы шағым туралы ақпараттан кейін артынша іле-шала танымал ұстаздардың бұл мәселеге қатысты пікірлерін де жариялап, біреудің қолымен от көсеп жүрген кейбіреулердің қытығына тиіп кеткен сияқтымыз. Кей желі қолданушылар "министрді әрі қарай қараламадыңдар" дегені ме, бізге өкпелеп, бір үшін алтын уақыттарын қиып, арнайы пост та жариялауда.
"Министр маған ұнамайды, егер сен оны жақтап жазсаң - менің жауымсың" дегенге саятын сауатсыз пікірлерге назар аударудың өзі артық. Сауатты, салмақты, дәлелді айтылып жатқан пікірлер көзге түссе, оны сайтта жариялауға әрине, дайынбыз. Өкінішке қарай, "министрді қаралауға" білек сыбанып кіріскендердің жазбаларын ерінбей қарап шығып, іліп аларлық дүние таппадық. Бос байбалам, құр эмоцияға толы айғай...
"Жұлдыз Сүлейменова министр болғалы оқушылар арасында суицид көбейді, Жұлдыз Сүлейменова мұғалім аттестация тапсыра алмай өліп жатқанда, жұрттан сүйінші сұрады, Жұлдыз министр болуға лайық емес, белсенді мұғалімдерді шақырып алып, қоғамдық кеңес құрып, түк бітірмеді..." осындай дәлелсіз, бос байбалам пікірге сайтымыздан орын беру мүмкін бе? Жоқ!
Білім саласының іргесі, Оқу ағарту министрлігі Жұлдыз Сүлейменова министр болып тағайындалған күні құрылып па еді? Айналдырған жарты жылдан асар-аспас уақытта 30 жыл бойы былықтың батпағына батқан білім саласын айнадай етіп тазартуды кеше келген Жұлдыз Сүлейменовадан талап ету - ақымақтың сөзі емес пе?
Суицидтен еліміз алдыңғы орында тұрғанына қанша жылдың жүзі болды. "Жұлдыз Сүлейменова министр болған күннен суицид көбейді" деу - заң тұрғысынан да, адами тұрғыдан да әдемі нәрсе емес. Ал аттестацияда мұғалімнің қайтыс болғаны туралы дәлел, ресми ақпарат бар ма? Егер жоқ болса, мұндай ақпаратты желіде жазу - соттың алдынан бір-ақ шығаратынын бізге ақыл айтқан қауым білмей ме?
Айтқыш болсақ, алысқа бармай-ақ, неге алдыңғы министрдің тұсында "Нысаналы мектеп" деген түкке керексіз жобаның жұтқан ақшаларын айтпаймыз? Неге сол "Мақсатты мектеп" болып аты ауысқан жобасымақтың кесірінен оқушыларымыздың бақандай екі тоқсан бойы тиісті білімін алмағанын айтпаймыз?
Сайраған тіліміз неге аттестация дегеннің қып-қызыл бизнеске айналғанын, алдыңғы ешбір министр сол бизнестің тамырына балта шаппағанын айтпаймыз? Әлде, Жұлдыз Сүлейменова келіп, аттестация дегенді бизнеске айналдырды ма? Болмаса, қазіргі министр "Нысаналы мектеп" дегізіп, мұғалімдерді сандалтты ма?
Министр Сүлейменова мінсіз емес. Қателескен кездері де жоқ емес. Десек те, желіде желпілдеп, қаралап, пікір жазып отырғандар бір нәрсені ескергені дұрыс-ақ. Тым ақылды болсаңыздар, білдей білім саласын басқаруға қабілеттеріңіз жететін болса, Президент Жұлдыз Сүлейменованы емес, сіздердің біріңізді тағайындар еді. Демек...
Сосын, "бұл сайт пәленшенің сайты, бір жақты жазады" деушілер, журналистиканың не екені туралы ізденіп, қарастырып көрсеңіздер, өздеріңізге пайдалы болар еді. Журналист бір мәселеге түрлі көзқарастағы пікірлерді береді. "Пәленшеге министрді қаралағанымыз ұнайды екен" деп, оның от көсейтін қолына айнала алмайды.
Сөз соңында әлеуметтік желідегі бір ғана парақшада жазылған пікірлерді назарларыңызға ұсынғымыз келеді. Көзімізге түскені осылар болды. Егер сіздің қолыңызда осы пікірлерге жауап беретін, салмағы басым, қарсы пікірлеріңіз бар болса, мархабат, бізге жолдаңыз, қарап көрейік!





Дайындаған: Мәриям КЕНЕСАРЫ.