Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 63 жастағы ер адамды әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды деп жазады Democrat.kz.
Сот дерегінше, ер адам негізсіз қызғаныштың кесірінен ұзақ уақыт бойы жұбайын бақылауда ұстаған. Ол пәтерге бейнекамера орнатып, әйелінің қайда жүргенін мобильді қосымша арқылы қадағалап отырған.
Қайғылы оқиға болған түні ерлі-зайыпты арасында тағы да жанжал шыққан. Сол кезде сотталушы әйеліне 11 рет пышақ сұққан. Бұл қылмыс олардың 12 жастағы қызының көз алдында болған. Бала әкесінен тоқтауын өтінгенімен, әйел алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Осыдан кейін ер адам пышақ пен қолындағы қанды жуып, душ қабылдаған. Тек қызының өтінішінен кейін ғана полиция мен жедел жәрдем шақырған.
Сот отырысында марқұмның көршісі де жауап берді. Оның айтуынша, әйел күйеуінің қорқытып жүргенін бірнеше рет айтып, өз өмірі үшін қауіптенген.
Ал сотталушы қылмысты аффект жағдайында жасадым деген уәж айтқан. Алайда сот бұл нұсқаның дәлелденбегенін мәлімдеді.
Сот қылмыстың аса қатыгездікпен жасалғанын мойындады. Өйткені әйел өз баласының көз алдында қаза тапқан. Нәтижесінде ер адамға 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.