"Сатқындар!": Дмитрий Медведев шулы мәлімдеме жасады

"Сатқындар!": Дмитрий Медведев шулы мәлімдеме жасады

Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев шетелге көшіп кеткен және Ресей билігін сынап жүрген азаматтарға елге қайта оралу құқығын бермеу керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Democrat.kz.

Оның айтуынша, Ресейден кетіп, кейін елдің соғыста жеңілуін тілеген азаматтарға «кешірім болмауы тиіс».

Медведев мұндай адамдарды «сатқындар» деп атап, олардың кейін өкініп, райынан қайтқаны да жағдайды өзгертпеуі керек деген пікір білдірді.

— Мұндай адамдарға кешірім жоқ және болмауы да керек. Ешқандай тәубеге келу олардың елге қайтуына көмектеспеуі тиіс, — деген мазмұнда пікір айтты ол.

Бұл мәлімдеме Ресейдегі «Единая Россия» партиясының съезінде айтылды.

Ресей билігінің Украинадағы соғысқа байланысты саясатын сынаған көптеген азамат кейінгі жылдары елден кеткен. Олардың арасында журналистер, мәдениет өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері де бар.

Медведевтің сөзі әзірге заңнамалық шешім емес, оның саяси ұстанымы ретінде айтылып отыр.

Барлық жаңалықтар