48 054 теңгеге бір ай өмір сүре аласыз ба?

0
103

Еліміздегі күнкөріс деңгейі белгілі болды. Қазіргі кезде бұл деңгей 48 054 теңгеге теңелді. Бұл туралы республикалық бюджетте ресми бекітілді. Бұл соманың 55 пайызы азық-түлікке жұмсалатынын ескерсек, қазақстандықтардың қазіргі күнкөрісі қай деңгейде екен?
Бюджет бекіткен 48 054 теңге әрбір Қазақстан азаматының бір ай бойы күн көруіне жетерлік сома ретінде көрсетілген. Әрине, әр аймаққа қатысты бұл көрсеткіштің біраз өзгеретіні белгілі.

Мәселен, ең жоғары саналатын Маңғыстау облысындағы күнкөріс деңгейінің сомасы – 58 843 теңге болса, ал ең төмені Ақтөбе облысына тиесілі – 42 923 теңгені құрайды. Шымкентте – 47 885 теңге, Алматыда – 50 358 теңге, ал Астанада – 53 073 теңге. Яғни, сөз етіліп отырған бұл сомаға әрбір қазақстандық 43 түрлі азық-түлік түрі бар тұтыну кәрзеңкесіне тиесілі ет, сүт, жұмыртқа сияқты тауарлар мен басқа да қажеттіліктерін сатып ала алады деп есептелген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, күнкөріс деңгейі сомасының 55 пайызы ғана азық-түлікке бөлінеді. Демек, 48 054 теңгенің 26 430 теңгесіне бір ай бойы «өлместің күйін» кешуге болатыны дәл есептелген екен.

Тұтыну себеті үш санатқа жүктеледі: қажетті азық-түлік тауарлары; қажетті азық-түлік емес тауарлар; коммуналдық қызмет пен көлік тасымалына және мәдени шараларға, т.б. жұмсалатын төлемдер. Ресейде тұтыну себеті былайша бөлінеді: азық-түлік тауарларына – 38%, азық-түлік емес тауарларға – 36% және қызмет көрсету саласына – 26%. Олай болса, 48 054 теңгеге осы аталған дүниелердің қайсысын сатып алатыныңызды ойша есептеп көрсеңіз…

Германия – Еуропадағы ең дамыған мемлекеттердің бірі және ондағы өмір сүру деңгейі жоғары. Бұл елде тұтыну себетін тұрғындардың өздері қалыптастырады. Федералдық статистикалық ведомство 60 мың отбасы арасында сауалнама жүргізіп, соның негізінде адамның өмір сүруіне қажетті шығындар мен құрылымдар мөлшерін анықтайды.

Неміс тұтыну себетінің құрамына 750 түрлі тауар мен қызметтер енген. Оның ішіне бізге үйреншікті тауардан басқа, қан қысымын өлшейтін құрал, балабақша бағасы, қарттар мен мүгедектер үйіндегі күтім, үйде амбулаторлық ем алу, тіпті азық-түлікті баспанасына дейін жеткізіп беру құны да кірген.

Тұтыну себетінде баспанаға, суға, электр қуатына, газ және басқа да отын түрлеріне – 32%, көлік шығындарына – 13%, демалыс пен көңіл көтеруге – 11%, азық-түлікке – 10%, тіпті алкоголь өнімдері мен темекіге, байланыс пен білім алуға 7 % қарастырылған. Сондай-ақ, түрлі тауарлар мен қызметтерге – 7%, ал мебель, жарықтандыру шамы, тұрмыстық техникаға, сондай-ақ мейрамханаға баруға, денсаулық сақтау шараларына, үстіңгі киім мен аяқкиімге – әрқайсына 5%-дан бөлінген.

Тағы бір ерекшелігі, қазақстандық себеттің негізгі бөлігін (55%) азық-түлік құраса, еуропалықтардың себетінде ол басты тауар емес. Еуропада театр мен кино, бассейн мен фитнес залдарына бару, спорттық іс-шараларға қатысу мұқтаждықтары ескерілген. Тіпті фотопленканы айқындау, компьютер ойындары мен DVD сатып алу шығындары да қарастырылған.

Ағылшындар тұтыну себетіне үй жөндеу, бағбан мен автомеханик қызметін енгізген. Ал француздар мейрамғанаға және сән салондарына бару қажеттіліктерін ескерген.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Алайда мың мысал келтірсек те, тұтыну себетіміздегі заттарға да, оның бағасына да өзгеріс ене қояр ма екен?
Зүбайра ЛЕСБЕК,
                                                                                               Democrat.kz
Фото ашық дереккөзден алынды.