5 жасар қыздың ішіне 19 жасар «жын-қыз» кіріп кеткен

0
203

Әлеуметтік желіде 5 жасар қыздан «жын шығарып» жатқаны түсірілген видео қызу талқыға түсті. Massaget.kz  тілшісі оқиғаның мән жайына үңіліп көрді .

Видеода «жын шығарып жатқан» молда тілшілерімізге «20 жасынан бастап Хасанғали мешітінде, бірнеше жыл Иманғали мешітінде, сондай-ақ Атырау облысындағы Хансағазы мешітінде жұмыс істегенін» айтты.

Сондай-ақ Кейқуат Оспанов желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді.

«Қызды ата-анасы алып келді. Айтуларынша, қыз соңғы кездері бұтына жиі жіберіп қоятын болған. Өзін әдеттегіден басқаша ұстаған. Ата-анасы ауруханаға көрсеткен, бірақ бәрі таза болып, ешқандай диагноз қойылмаған. Қыз баратын балабақшадағы тәрбиешілер қыздың ересек адам ұқсап сөйлеп, ойланып, ойын ойнамайтынын байқап, оның бұл іс-әрекетіне таңғалып, ата-анасына дабыл қаққан. Содан ата-анасы күдіктеніп, маған хабарласты. Сөйтіп оларды «сеанс» өткізуге шақырдым. 10 минуттық «сеанстың» ішінде қыздың ішіндегі жынды шығардық. Сеанс кезінде сұрақ қою арқылы бүлдіршіннің ішіне 19 жастағы қыз кіріп кеткенін білдік. Негізі қыздың есімі — Әмина, ал видеода байқасаңыздар «есімім Ләззат» деп жатыр», — деді емші Massaget.kz тілшісіне.

Кейқуат Оспанов «сеанс» барысын видеоға түсіріп әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеген. Оның айтуынша, белгісіз біреулер видеоны қиып алып, таратып жіберіпті.

Сонымен қатар емші Massaget.kz тілшісіне қыздың анасы түскен видеоны бөлісті. Видеода бүлдіршіннің анасы қызын емшінің алдына өз еркімен апарғанын жеткізеді.

«Алматы қаласында тұрамын, қызым 5 жаста. Мен қызымды Кейқуат ағаға өзім алып бардым, ол кісіні әлеуметтік желіден көріп қалдым. Мен негізі өзім халық емшісін іздеп жүрген едім, өйткені қызым кішкентай болғанымен, жасына сай емес қылықтар жасады. Содан уайымдап, қызымды қаратайын деген ниетпен өз еркіммен алып бардым. Ол кісі ешқандай зорлық-зомбылық көрсетпей, көз алдымда қызымды қарап берді. Қазір қызымның жағдайы өте жақсы, Кейқуат ағаға ризамын», — деді әйел видеода.

Оқиғаға орай дін саласы мамандарының пікірін білу үшін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының мамандарына да жүгінген едік.

Дінтанушы Елнар Берікбаев ислам мен христиан дініне сәйкес, адамның ішіне кіріп, тәнін иемденетін таза емес күш бар екенін айтады. Христиан мифологиясында бұл жын немесе сайтан, исламда — жындар.

«Мұсылмандар періштеге сенгендей, жындарға да сенеді. Олардың бар екенін жоққа шығарған мұсылман Сүннет пен Құран қасиетті кітапқа қайшы келеді. Құранда тіпті «Әл-Жын» (жындар) атты сүре бар. Бұл тіршілік иелері қалай аталса да, олардың өмірде бар екеніне мұсылмандар да, христиандар да күмәнданбайды. Джиндерді (жындарды) шығару және емдеу — көптеген дін жолындағыларды қызықтыратын мәселе. Сонымен қатар Христиан I ғасырда, ал Ислам VII ғасырдың басында пайда болғанын есте сақтау маңызды. Ол уақытта медицина дамымағандықтан, аурудың себебін — зұлым рухтардың әсері ретінде қарастырылған», — деп ескертті маман.

Адамға жын кіргенде мына «белгілер» пайда болады: бас ауруы, қолдар мен аяқтардың ұйып қалуы, үнемі жүрек айнуы, асқазанның ауыруы, ұйқының күйі, есінеу, және оғаш түстер.

«Ең алдымен, тіркелген дәрігерлер мен мамандардан көмек сұрау керек, әсіресе балалар ауырған кезде. Өйткені дәстүрлі медицинада емшінің барлық әрекеті дәрігермен келісілуі керек. Ауруханаға ауыр жағдаймен түсетін науқастар бұл күйге халық емшісінің көмегінен кейін түсетінін есте ұстаған жөн. Қазақстанға халық емшілерінің, көріпкелдердің, балгерлердің қызметін реттейтін заң қажет», — деді Елнар Берікбаев.

Massaget.kz редакциясы оқиғаға қатысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына ресми сауал жолдады.

Еске салайық, желіде 9 жастағы қыздан «жынды шығарып» жатқан видео тараған болатын. Онда жерде қолы байлаулы жатқан қызды екі адам ұстап тұрғанын көруге болады.

Фото көрнекілік үшін.