Әділет министрлігінің өкілі қаражат жымқыру күдігіне ілінді

0
36

Қаржылық мониторинг агенттігі Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығының басшысы Руслан Сатвалдиевтің ұсталғанын растады. Бұл туралы ҚМА төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Біздің өндірісте бұл іс бар. Ол қаражатты жымқыру және ысырап ету бойынша күдікке ілінді. Қазіргі таңда оған қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкциясы қолданылды. Қалған мәліметтерді жариялай алмаймын. Жымқыру сомасы әртүрлі болуы мүмкін», — деді Елемесов мәжіліс кулуарында журналистерге берген сұхбатында.

Бұған дейін журналист Михаил Козачковтың Telegram-арнасында Сатвалдиевке қатысты республикалық бюджеттен бөлінген миллиардтаған қаржыны жымқыру күдігі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған болатын. Аталған қаражат психотроптық және есірткі заттарына сараптама жүргізуге арналған жабдықтар сатып алуға бөлінгені айтылған.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып жатыр. ҚМА өкілдері істің мән-жайын толық жариялаудан бас тартқанымен, қоғамда бұл оқиға үлкен резонанс тудырып отыр.