«Алланың жолында құрбан болып жәннатқа кірсем» деп адасқан әйел

0
948

Алты жыл Сирияда тұрып, екі баласымен елге оралған ақтөбелік Ақмарал Алмағанбетова қазіргі тұрмысы туралы айтып берді, — деп хабарлайды Democrat.kz. ақпараттық порталы  Massaget.kz тілшісіне сілтеме жасап.

Ақтөбелік Ақмарал Алмағанбетова 2019 жылы «Жусан» операциясы арқылы Сириядан елге оралды. Сирияда жүріп «терроризмді насихаттады», «діни алауыздықты тудырды» деген айыппен елге келгеннен кейін сотталды.

Ал былтыр жазда, яғни төрт жылдан кейін Ақмарал босап шықты. 26 жасында үш баласы мен күйеуін тастап жат елге аттанған келіншек, қалай қателескенін айтты. Ақмарал отбасындағы үш баланың бірі. 17 жасында тұрмысқа шығып, өмірге үш баланы әкеледі.

Күйеуімен тату, ештеңеге мұқтаж болмай тіршілік кешті. Тіпті киім сататын шағын бутигі де болыпты. Ал 2013 жылы күйеуімен шариғат бойынша ажырасып, үш баласын тастап Сирияға аттанады.

«Мен бәріне өзімді кінәлаймын. Сол кезде дін туралы көбірек оқи бастадым. Интернет арқылы Египеттен ұстаз тауып алып, уағыздарын тыңдап жүрдім. Бәрі осыдан басталды. Идеологияның мықтылығы сондай қатты сендім, Сирияға қалай кетіп қалғанымды білмей қалдым.

«Ол жақта ислам халифаты құрылады, барлығы Алланың заңы бойынша жүреді» деді. Мен осының бәріне сендім, көзім ештеңені көрмей қалды. Діни білімімді жетілдіргім келді, «Алланың жолында құрбан болып жәннатқа кірсем» дедім. Осындай мақсатпен жалғыз өзім Сирияға аттандым», — дейді Ақмарал.

Елден кетуге бекінген Ақмаралға египеттік ұстазы бағыт-бағдар беріп отырды. Алдымен Түркияға жетті. Стамбулда оны бір отбасы күтіп алды. Бұл қалада он күндей болды.

Содан кейін автобус арқылы 16 сағат жүріп Сириямен шекаралас аумаққа келеді. Сол жерде күтіп алған таксимен тағы бір сағат жүріп Сирияның шекарасына жақындайды.

Бұл жерде жедел-жәрдем көлігі тосып тұр еді. Осылайша армандаған елдің аумағына өтіп, Алеппо қаласының маңына тоқтайды. Ақмарал осы жерде бірнеше ай тұрғаннан кейін Сирияны шарлап кеткенін айтты.

«Басқа елге келгенде ішімде алай-дүлей сезім болды. Бір жағынан қуандым, бір жағынан өкініш болды. Іштей балаларымды қимадым, сағындым. Бұл елде  денемнің бір бөлігі ғана жүргендей сезім болды.

Бұл жақтағы өмірім тыныш болған жоқ. Іштей тындық. Ол елдің адамдарын, менталитетін, заңдарын  көріп, алданғанымды түсіндім. «Ислам шариғаты» деген өтірік, олар өздері құрып алған заңмен жүреді. Әділетсіздікті көрдім. Сізге барлығын ашылып айта алмаймын.

Жалғыз мен емес, әлемнің әр түкпірінен мыңдаған адам алданып келді. Дәрігерлер, спортшылар, генералдар, тіпті ауқатты азаматтарға  дейін бар. Қаншама адам өлді. Оның ішінде қазақтың қыз-жігіттері бар», — дейді Ақмарал.

Ақмарал Сириядағы өмірінің өзі ойлағандай болмағанын айтады. Жат елдегі алты жылында екі рет тұрмысқа шығып, дүниеге бір ұл мен қыз әкеледі. Ақмарал ол жақта күйеуі өлген әйелдер жамағат әмірлерінің рұқсатымен ғана тұрмыс құра алатынын айтты.

«Күнде соғыс, бомбаның дауысы. Ешқандай тыныштық болмады. Балалар жұқпалы аурумен жиі ауырды. Ауру көп. Су жоқ. Көп адам гепатит жұқтырды. Ешқандай жағдай болмады. Бірақ аш болмадым.

Соңғы тиыныма тамақ алып іштім. Әсіресе қазақтардың жамағаты көп көмектесті. Бір түсінгенім, ол жақтың ер адамдары біздің жігіттер сияқты әйелді құрметтемейді. 2017 жылы жағдай тіпті ушығып кетті. Әркім басымен қайғы болды. Тамақ жоқ.

Блокадо болып, фуралар кіре алмады. Қашқан адамдарды қатыгездікпен өлтірді, жазалады. Ешкімнің сұрауы болмады. Осы кезде мен өзімнің қателескенімді түсіне бастадым. Бұл жақта  қалатын болсам өзім де балаларымның да өлетінін білдім», — дейді Ақмарал.

Ақмарал 2018 жылы соңғы аялдаған Сирияның солтүстігіндегі қаладан жан сауғалап күрдтердің бақылауындағы аумаққа келеді. Осы жерде босқындар лагеріне ораласып, елге хабарласады.

2019 жылы мамыр айында «Жусан» операциясы арқылы елге қайтты. Келген соң сотталды. Петропавлдағы түрмеде жазасын өтеп, былтыр жазда босап шықты.

«Сирияда қазақтардың жамағаты атақты болды. Себебі қаржы көп болды, қатты сыйлады. Көп адамдар қазақтардың жамағатына баруға тырысты. Ол жақта қонақжай, келген адамға көмектеседі. Тіпті өзге елден келген әйелдер де қазақтарға баруға тырысты.

Мен Сирияда жүргенде бір нәрсені түсіндім, біз қазақтан басқа ешкімге керек емеспіз. Қазаққа қазақтың ғана жаны ашиды. Ер-азаматтар әйелдерге жаны ашып, көмек көрсетті. Қазақ жамағатының әмірі Талғат деген жігіт әйелдер мен балаларды Түркияға шығарғысы келді.

Оның не мақсатпен шығарғысы келгенін білмеймін. Бірақ оның бұл ойын жүзеге астырмады. Көлігіне бомба қойып, жарып жіберді. Сол кезде барлығымыз жыладық», — деп еске алды Ақмарал.

Ақмаралдың бес баласы да қазір Ақтөбеде. Бұрынғы күйеуінен қалған үш баламен қазір хабарласып тұрады. Үлкен ұлы жиырмадан асса, қызы 16-ға толыпты. Кіші қызы — 13-те. Ал Сириядан еріп келген екі баласы патронаттық отбасының қамқорлығында.

«Егер мен қателігімді түсінбегенде сол жақта өліп қалатын едім. Қалып қойғандардың барлығы көз жұмды. Қазіргі күніме шүкір деймін. Баларым аман. Бұрынғы күйеуім отбасын құрса да балаларды тастаған жоқ.

Әкелік мейрімін берді. Балаларыммен араласпаймын. Оларға ешқандай өкпем жоқ. Ең бастысы мені кешірсе болды. Олар кімді тыңдаса да кімге ерсе де әкесі балаларын тастамайтынын білемін», — дейді Ақмарал.

Ақмарал патронаттық отбасындағы балаларын алу үшін қазір іс жүріп жатқанын айтты.

Сириядан оралғаннан бері Ақмарал бұрынғыдай қара киім киіп, бүркеніп, яғни діни ғұрыппен киінбейтінін айтты.

«Өзім дестркутивті көзқараста жүрген кезімде, діни ғұрыппен киінбейтін, намаз оқымайтын адамдарға агрессиямен қарадым. Кәпір деп, менсінбей сөйледім. Негізі оның бәрі қате. Адамдық қасиет  киіммен, орамалмен өлшенбейді.

Қазір сондай қате түсінікте болғанымды ойласам, күлкім келеді. Көшеде солай киініп алған қыз-келіншектерді көрсем, қасына барып айтқым келеді. Бірақ оны түсіндіре алмайсың. Түсінбейді. Себебі мен де кезінде сондай болдым.

Әбден басымнан өтпейінше, ешкімді тыңдамадым. Бірақ мен сияқты қателесіп жүргендер болса, біреудің қателігіне қарап өз кемшілігін дұрыстайды деп үміттенем. Сириядағы алты жылда мен қателескенімді жақсы түсіндім.

Мен қазақ болғым келген жоқ, араб болғым келді. Қазір мен қазақпын деп мақтанышпен айта аламын. Салт-дәстүрімді ұстануға, оны көбірек білуге тырысып жүрмін. Біздің салт-дәстүріміздің барлығы ислам дінінен алынған», — деді Ақмарал.

Ақмарал қазір «Ихсан» қоғамдық бірлестігінде  жұмыс істейді. Ата-анасы өмірден өткен. Апасы да бұ дүниеден озған. Ал ағасымен ат-құйрығын кесіскен. Мүлде хабарласпайды.

Ал бұрын араласпай кеткен туыстары  Ақмаралдың қателігін түсінгенін, тура жолға түскенін көріп, хабарласа бастапты. Қазір ол ағайын-туыстарымен қарым-қатынасының жақсарып келе жатқанына қуанады.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.