Алматыда жұқпалы дерт өршіп тұр

0
55

Былтыр Алматыда дерматомикоз ауруының 189 жағдайы тіркелді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 29,5%-ға көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, инфекциялық ауруға шалдыққандардың 87 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар.

Дерматомикоздар – бұл терінің үстіңгі қабаттарын зақымдайтын саңырауқұлақ инфекциялары, оларға трихофития, микроспория және тағы басқалары жатады.

Инфекция науқас адаммен және жануармен тікелей немесе жанама байланыста болғанда, қол алысу, жеке заттар (киім, аяқ киім, тарақ, сүлгілер, маникюр керек-жарақтары ), ортақ заттар (кітаптар, қаламдар, жиһаздар, ойыншықтар) арқылы берілуі мүмкін.

«Аурудың инкубациялық кезеңі 1 аптадан 1 айға дейінгі аралықты құрайды. Дерматомикоз халық арасында кең таралған. Сонымен қатар, науқастардың көпшілігі өз ауруына мән бермейді, басқалардың денсаулығына қауіп төндіре отырып моншаға, бассейнге, спорт залдарына, шаштараздарға барады. Осы жағдайларда коммуналдық және сауықтыру мекемелерінің қызметкерлері дерматомикоздың таралу қаупін білуі және оларға келушілердің арасында инфекцияның таралуын болдырмайтын қауіпсіздік шараларын сақтауы керек», — дейді Әсел Қалықова.

Фото ашық дереккөзден алынды.