Анасының наласын арқалаған бала
Жаңа ғасыр басталған тұста біз тұратын екі қабатты үйдің төменгі пәтерлерінің біріне Аслан есімді жігіт отбасымен көшіп келді.
Қашанда «алыстағы ағайыннан, жақындағы көрші артық» деп ұғынатын халықтың ұрпағы емеспіз бе?
Алғашқыда қапсағай денелі, теңіз толқынындай ирімделген бұйра шашты, үнемі көзі қанталап жүретін ақсары жігітті ешкім жатырқаған жоқ. Оны айтасыз, көрші-көлем әрқайсысы бауырына тартып, жақын араласа бастаған еді.
Өзі де ашық-жарқын қалпымен келген сәттен-ақ көпшілікке тез сіңісіп кетті. Әдепкі де бауырмал, ақжарқын көрінген… Алайда көп ұзамай өзге қырынан танылды.
Біршама уақыттан соң Асланның үйіне жастау әйел мен үш ұсақ баланың, жетпіс жасты алқымдаған қартаң әженің кіріп-шығып жүргенін байқадық.
Көршілердің баршасы жас келіншекті жігіттің әйелі мен балалары, кемпірді анасы шығар деп ойлаған еді. Кейінірек бұл келіншек көрші жігіттің күйеуі қайтыс болып, жесір қалған әпкесі, ал кейуананың шыныменде анасы екенін естідік.
Өмір жолының оңайға түспегенін аңғартқандай әженің еті қашқан салалы саусақтары үнемі қалтырап жүретін. Балалық дегенді қойсаңшы?! Бір шаңырақтың астында тұратын қос қабатты үйдің балалары, біздер сол кемпірдің үздіксіз дірілдеп тұратын қолдарынан өлердей қорқатынбыз.
Кез келген ойын баласына балалық шақта ең алдымен дос керектігі белгілі. Жаңа көршіміз Роза апаның үлкен баласы менімен түйедей құрдас болып шықты. Есімі – Қанат екен.
Екеуміз бірден тіл табысып кеттік. Қанат аулаға көшіп келгелі жұбымыз ажырамайтын болды. Қайда барсақ та, бірге жүреміз. Ол кезде әлі мектеп жасына тола қоймағанбыз. Бал-дәурен балалық шақ-ай десеңші!
Бар уақытымыз асыр салып ойнаумен өтеді. Таңертеңнен кешке дейін үйдің бетін көрмейміз. Жаздай май топырақты бұрқыратып аладоп қуалап күн өтетін. Қарнымыз ашса көршілердің кез келгенінің үйіне кіріп, бұйырған дәмге тойып алатынбыз.
Баршасы ауылдан көшіп келгендіктен шығар, қос қабатты үйдің тұрғындары кең пейілді, жатырқауды білмейтін жандар еді. Қас қарая жатар орынға зорға жетіп, алаңсыз ұйқыға бас қоюушы едік. Күнделікті қайталанатын тірлігімізге әке-шешемізде қабақ шытып, мәу демейтін.
Өмір деген ұлы керуеннен түсінігіміз мардымды болмаса да балаңқы көңілмен кімнің бақуатты, кімнің жұпыны тұратынын өзімізше саралай алатынбыз. Менің жаңа досымның үйінің тұрмысы өте төмен болды.
Оны аяп үйден тәтті-мәттіні тығып алып шығып, Қанат пен інілеріне үлестіріп беретінмін. Жоқшылық деген жалмауыз адам баласының жігерін жасытып жіберетінін бала да болса сонда сездім.
Олар өте жалтақ болатын. Менің үйден жасырып әкелген тәттілерімді көзден елеусіз қуысқа барып, жан-жағына алақ-жұлақ қарап қойып, жеп алатын. Қайран өмір-ай, десеңші…
Арада сынаптай сырғып күндер мен айлар өтіп жатты. Бойы үйренген соң жаңа көршіміз Аслан түрлі жағымсыз қылық көрсететін болды. Үйіне сақал-мұрты өсіңкі, жүріс-тұрыстары қолайсыздау адамдар жиі келетін болды.
Оған қоса ішкілікке де үйір болып шықты. Роза тәтейге де қол жұмсауды дағдыға айналдырды. Қабырғасы жұқа, құрқылтайдың ұясындай шағын екі бөлмедегі дауыс пен әңгіме жатсын ба?!
Кімнің үйінде не болып жатқанынан көршілердің барлығы да хабардар болып отыратын. Кейде Роза тәтей үш баласын ертіп біздің үйге қашып кіретін. Қызуқанды, қарулы әкемізді пана тұтса керек. Өкінішке орай, сондай сәттер жиі орын алып тұратын.
Бір күні тағы осы жайт қайталанды. Үсті-басы ебіл-дебіл, шашы дударланып, киген киімі алқам-салқам болған Қанаттың мамасы жанұшырып үйге жүгіріп кірді. Қашанда мұң тұнып тұратын екі көзі көгеріп, ісіп кетіпті. Есіктен кірген бойда өксіп:
– Аға-ау, мына алқаш өлтіріп тынатын болды ғой. Үйдің де берекеті кетті. Ішкені күнде арақ. Балалардың да зәре иманын алып бітті. Бұрын балаларды ұрып жатқанында «Інілері ғой. Әкесі болмаған соң еркек ретінде тәрбие бергені шығар. Ынжық болып өспесін дейтін болар», – деп үндемеуші едім.
Кейін араққа тойып келіп, балаларды аяусыз сабайтынды шығарды. Ана тұрмақ, хайуан да баласын қорғамайтын ба еді?! Орталарына түссем мағанда қол көтеретін болды. Жанжалдың себебіне үңілсең болмашы ғана нәрсе.
Бала неменің ойнағысы, асыр салып жүргісі келмей ме?! Інім соған шамданады. Балаларға да тәуекел дер едім. Бәрінен жүріп-тұруы қиындаған анамызға обал болды. Бұрыштағы керуетінде бәрін көзімен көріп, үнсіз егіліп жылап отырады.
Әжім-әжім жүзіндегі жасты көрсеңіз ғой, аға! Тіпті жүрегіңіз ауырады. «Санасызға сан айтсаң да қонбайды» деген. Қанша жалынсамда інім ештеңе түсінбейді. Анамызды да аямайды. Оның қолынан жылаудан басқа не келсін?! Жүрегі ауырып өлетін болды. Аға, бір қайрат қылыңызшы», — деп еңіреп жібергені ойымда жатталып қалыпты.
Мейрімді, ақ көңіл анам болса Роза апайды бауырына тартып «Айналайың қоя ғой, түзелетін шығар?!» деп жатыр. Әкем қатты ашуланды. Түнерген қалпы есіктен шапшаң шығып кетті. Мен де ере шықтым.
Ештеңе тындыра алмасақта ойын баласына бәрі қызық емес пе?. «Енді не болар екен?» деген оймен алақтап тұрмын. Әкем Асланның үйінің есігін жұлқи ашып кіргенде бірдеңеден құр қалған жандай менде қабаттаса ендім.
Күлімсі сыздың исі қолқамды қапты. Арақ пен темекінің иісі, қираған, сынған заттар, ішімдіктен босаған бөтелкелер онсызда қаракөлеңке бөлмені тіпті қорқынышты қылып жібергендей.
Әкемнің ашуын жақсы білетін Аслан үйінен ізім-ғайым жоқ болыпты. Түкпірдегі бөлмеден өксіген адамның даусы еміс-еміс естіліп тұрған еді. Әкеме еріп бөлмеге кіргенде аппақ шашын жайып жіберген, дірілдей беретін екі қолын көкке көтеріп, жастыққа сүйеніп отырған қара кемпірді көрдік.
Жүзі бұл жолы бұрынғыдай адамның аяныш сезімін тудырмайды. Жанары өте суық. Әрі сұмдық қорқынышты. Құдды дәл алдымызда адам емес, тірі аруақ отырғандай.
Ішінен бірдеңелерді күбірлеп сөйлеген, (Мүмкін дәрменсіз ана сол сәтте қызы мен немерелерін сабаған, арақтан азғындаған ұлына қарғыс айтып отыр ма екен?! Кім білсін…) өзім күнде көріп жүрген әжеден мұндай қорықпаспын.
Әкем үн-түнсіз бұрылып кеткенде оның жанарына іркілген жас тамшыларын байқадым. Мен ештеңе түсінбеген күйде аң-таңмын. Үйге келген соң әкем«Ананы нала қылған жан қайда барар дейсің?. Адамның тергеуінен құтылғанмен Аланың сұрауынан сытыла алмас», — деп кіжінді.
Сол оқиғадан кейін көп ұзамай Роза тәтей балаларын алып көшіп кетті. Мен досымды онан кейін көрген емеспін. Қаңыраған пәтерде Аслан мен қара кемпір ғана қалды. Аслан ішкілікке біржолата берілді.
Үйінде апталап, айлап болмайтынды шығарды. Тіпті ат ізін салмайтын да болды. Анасын да іздемейтін тасжүректің өзі екен.
Менің анам болса жападан жалғыз қалған әжейді бірде үйге шақырып әкеліп тамақтандырса, енді бірде өзі әжеге барып, үйін тазалап, асын дайындап беріп тұратын. Кейуана қалтырап-дірілдеп зорға жүріп, үйге келгенде біз «Алақай, әжеміз келді!» деп мәз-мәйрам болып қалатынбыз.
Әке-шешемнің анасы ертерек өмірден өтіп кеткендіктен әжесі бар достарыма қатты қызығатынмын. «Шіркін, біздің әжеміз тірі болғанда ешқашан ренжітпеуші едік!» деп армандайтынмын. Арада бірнеше ай өтті.
Күздің жаймашуақ күнінде көрші әже дүниеден озды. Адамдардың азан-қазан болып жылағаны, біз тұратын екі қабатты үйге кіріп-шығып жатқандары өмірде бізге беймәлім өте көп дүниелердің бар екендігін ұқтырғандай…
P/S: Орал қаласына білім алуға аттанғалы жүргенімде балалық шағымдағы достарымды әлеуметтік желіден іздестірген едім. Кездейсок Қанаттың парақшасын жолықтырдым.
Маған әдемі, сұңғақ бойлы, аққұба жүзді жігіт желіден күлімдей қарап тұрды. Аса бақытты жандай болып көрінді. Жеке парақшасын ашқанымда «Алматыдағы белді, жоғары оқу орнына грантпен түстім, достар!» деген жазуды көзім шалды.
Ал анасының наласын арқалған Аслан болса ұшты-күйлі жоғалып кетті. Оның қайда жүргенін, өлі-тірі екенінен ешкім де бейхабар…
Авторы — Есет ТАБЫНБАЕВ.
Әңгіме әлеуметтік желіден алынды.
Фото көрнекілік үшін интернеттен.