Әнші Роза Рымбаеваны сынаған жұртқа Роза Зергерлі жауап берді
Әзербайжандық әнші, танымал «Istәdim» әнінің орындаушысы Роза Зергерлі Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваға қатысты айтылған хейтке жауап берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Marat Oralgazin Youtube парақшасында жарияланған «Қызық Премия-2024» шығарылымының пікірлер бөлімінде жазып кетті.
Халық әртісін сынға алған халық
«Биыл үздік деп танылған «Istadim» әнінің орындаушысы әзербайжан жұлдызы Роза Зергерлі қонақ болыпты. Алғашында ана тілінде сөйлеп, орысша сөйлемеуге тырысқан еді. Сахнаға Роза Рымбаева шыққанда бәрі быт-шыт болды. Апам шыққаннан орысша сөйледі. Қонақ Роза ұялды ма, ыңғайсыз санады ма, ол да орысша жіберді аттың басын. Жүргізуші Еркебұлан мұндайды күтпесе керек. Былтырғы сценарий болар деп ойласа керек. «Сізбен орысша сөйлесе беруге болатын ба еді? Неге айтпадыңыз?» деп таңданып жүр. Апам бір ауыз қазақша сөйлемеген күйі сахнадан кетті. Ұят болды!», — деп жазды журналист.
«Жұрттың Розасы — Роза»
Пікірлер бөлімінде көпшілік журналистің айтқан ойына қосылды. Енді бірі — халық әртісі бәріне түсінікті тілде сөйлеп, көпшілікті ойлағанын, өзін жасанды ұстамағанын айтқан қолдаушылары да болды.
«Жұрттың Розасы — Роза…», «Халық Рымбаеваны тұрып, қол шапалақтап қарсы алды. Дұрыс айтасыз, қазақша сөйлеуі керек еді», «Рымбаеваның өмірде ана тілінде жақсы сөйлейтінін, екі баласына керемет тәрбие бере алғанын елдің бәрі біледі ғой. Ол ТМД елдері тамашалайтындықтан көрерменге түсінікті болсын деп сөйлеп кетті-ау. Роза апамыз қарапайым өмірде өте ғажап, әрі мәдениетті сөйлейді», — деген түрлі пікір қалдырды жұрт.
«Бастысы — тамырымыз бір»
Әзербайжандық әнші Роза Зергерлі көптің пікіріне жауап берді. Роза Қуанышқызын сынға алған халыққа шығарылымның пікірлер бөлімінде ойын айтты.
«Қымбаттыларым менің! Ең бастысы — біздің тамырымыз бір. Роза ханым бізге халық арасында мені тыңдап, бірақ түсінбей отырған мыңдаған адамның бар екенін ұқтырды. Мен де сол тұста солай орысша сөйлеп, ол кісіге де, сіздерге деп жылы лебізімді білдіріп, әзілдей де алдым. Жаңа жыл құтты болсын! Мейірімді болайықшы! Сіздерді жақсы көремін», — деп жазды ол.