Арақтан уланып 11 адам ажал құшты

0
57

Түркияда қолдан жасалған спирттік ішімдіктен Өзбекстанның 11 азаматы уланып көз жұмды. Олар алкоголь өнімін Ыстамбұлдың Ақсарай ауданында сатып алған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Өзбекстанның осы елдегі консулдығының хабарлауынша, марқұмдардың біреуі — әйел, қалғаны — ер-азаматтар, жасы 35-40 аралығында.

Астыртын цех ашып, күмәнді өнім сатумен айналысқан Түрікменстанның екі азаматы ұсталған. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Анадолу агенттігі былтырғы қарашадан бері контрафакті арақ-шараптан улану дерегі жиілеп, бүгінге дейін 34 адам қайтыс болғанын хабарлады.

Тағы отыз шақтысы ауруханада жатыр. Құрамында метанол табылған ішімдіктен уланғандардың арасында шетелдіктер ғана емес, жергілікті тұрғындар да бар.

Түркияның құзырлы органдары бұл оқиғалардан кейін жаппай тексеріс жүргізіп, дәмханалардан 287 тонна заңсыз алкоголь тәркілеген.