Әскери сарбаздың анасын үйінен қуып шыққан

0
174

Сарбаз Ербаян Мұхтардың анасын әскерилер Алматыдағы пәтерден қуып шыққан. Әскерде жүріп ауыр жарақат алып, қазір ауруханада өмір үшін күресіп жатқан Ербаянның жақындары кеше Алматыда журналистерді шақырып баспасөз конференциясын өткізген. Сонда анасы бар шындықты айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Баспасөз конференциясын өткізетін күннің алдында түнде азаматтық киімдегі адамдар келіп, есіктің кодын 3 рет терді. Есіктің көзінен қарағанымда 3 жігіт тұрды, бір-біріне «кодты айт, кодты айт» деп сыбырласып тұрды.

Үйдің сигнализациясы ойнағаннан кейін олар қашып кетті. Бізді қорқытқысы келген шығар, білмеймін. Есіктің кодын әскерилер мен үйдің иесі ғана біледі», — дейді Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева.

Айтуынша, пәтерді Алматыдағы №5571 әскери бөлімнің тәрбие жөніндегі командирі Мұхамедияр Айтжан тауып берген, ақысын күделікті төлейтін еткен.

«Кеше пәтердің иесіне телефон номерімді беріпті. Тұрып жатқан адамдар заттарын жинап жатыр, Астанаға қайтады деп айтқан екен. Үйдің қожайыны «ары қарай тұрасыздар ма? Ақысын өзіңіз төлейсіз бе?» деп сұрады.

Мен Айтжанға қоңырау шалып, сөйлескенімде «ары қарай сіздерге төлемейміз, пәтерді босатыңыздар. Біз сіздерге де, балаға да (ред. – Ербаян Мұхтарды айтып тұр) міндетті емеспіз, шығыңыздар! деді», — дейді Гүлсім Қамиева.

Бұған дейін Azattyq Ruhy-на әскердегі ауыр жарақаттан кейін, 5 ай бойы есін жиа алмай жатқан Ербаян Мұхтардың анасы мен ағасы сарбаздың қиын жағдайы туралы айтып берген еді.

Фото интернеттен алынды.