Астанадағы «өлім бизнесінің» қожайыны кім?

Таяуда депутат Дәулет Мұқаев Астанадағы мешіттерде өтетін асқа қатысты пікірін білдіріп, мешітке қарасты кафеде өтетін жиынның бағасын айтқан еді. Осыған байланысты журналист Ораз Әлімбеков жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
«Астанадағы «өлім бизнесі» кімдікі? Мүфтият не дейді? Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Астанадағы екі үлкен мешіттің асхана-кафесінде марқұмға арнап құдайы ас берудің өте қымбат — адам басына 20 мың теңге екенін айтыпты.
Депутат жан-жақты ақпаратқа қанық қой, бірақ «өлім бизнесінің» бағасын аспандатып отырған әлгі мешіт асханаларының меңгерушісінің атын атамапты.
Сондықтан, халыққа жанашыр депутатқа көмек болсын деп, мүфтияттағы құпия дереккөзіме хабарластым. Дереккөз «өлім бизнесінің» меңгерушісі — бас мүфтидің әйелі» деді.
Тіпті, оның аты-жөнін де айтты. Мен журналистік зерттеу жасап әлгі әйелді АХАТ жүйесінен іздедім. Сөйтсем, әлгі әйел бас мүфтимен ресми некеге тіркелмепті.
Енді «бұ қалай, кімнің инфосы қате?» деп басым қатып отыр. Дереккөзім «өллахи, бүллахи, менің мәліметім ақиқат» деп ант су ішті…
Депутат бір сұмдықтың ұшын шығарып қойды да, енді үнсіз жатыр. Осындайда мүфтияттың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы ақпарат алаңына атып шығып, «біздерде мынандай бар, мынандай бар…» деп бәрін орнына қойып берсе ғой…» деп жазды журналист.
Фото көрнекілік үшін.