Бас мүфти шариғатты тықпалап, Ата заңды аяққа таптап отырған жоқ па?

0
540

Исламның білгірі, дінтанушы Асқар Сабдин ҚМДБ төрағасы Наурызбай Өтпеновтың сауаты кем екенін, араб тілін білмейтінін, Құранды қате оқитынын, Бас мүфти лауазымын иемденуге құзіреті жоқ екенін айтудай-ақ айтты, жазудай-ақ жазды.

Біз, журналистер Бас мүфтидің Қазақстан заңдарына қайшы пәтуа шығарып, зайырлы һәм құқықтық мемлекет принциптерін ҚМДБ-ның молдалары аяқасты еткенінің бірнеше фактісін жарияладық. Қоғам белсенділері мүфтиятты тез арада реформалап, ҚМДБ-ның әрекетін Қазақстан заңдарына мәжбүрлеп бағындыруды мемлекеттік органнан талап етіп арыз жазды. Нәтиже жоқ.

Қайта Бас мүфти Н.Өтпенов орта ғасырдағы әлдебір халифаттың шариғат деп аталған заңын зайырлы Қазақстан азаматтарына таңудан бас тартпай отыр. Оған ҚР Конституциясы мен заңдарының құны көк тиын сияқты…

Кешегі бір видеосында Бас мүфти «Балиғат» деген сөзді «Балағат» деп айтып өзінің сауатсыз екенін тағы бір мәрте көрсетіп, дүйім мұсылманның алдында масқара болды. «Масқара болса, мүфти масқара болды, сенің нең кетті» демеңдер. Гәп басқада.

Бас мүфтидің пікірінше, балиғат жасына жеткен қыз баланың хиджабқа оранып алуы парыз екен. Бас мүфти айтып отырған «балиғат жасы» деп қыз балалардың етеккір процесінің басталуын айтады.

Етеккір процесі он жаста басталады, сондықтан исламистер «етеккірі келген он жастағы қызды қатындыққа алуға болады» деп пәтуа шығарып қойған. Бас мүфти міне осы сексизмді насихаттап, қыз балалардың құқығын таптап, педофилияны насихаттап отыр.

Ал зайырлы мемлекеттің заңдарындағы «кәмелет жас» сөз тіркесінің етеккірге немесе сперманың түзілуіне қатысы жоқ. Ақыл-есі толысып, жаман мен жақсыны айыра білетін даму деңгейіне, толық саналы жағдайға жеткен адамның жас кезеңін «кәмелет жасы» деп айтады.

Кәмелет жасы – 18. Он сегіз жасқа жеткен азамат сайлауға қатысады, сайлана алады, т.б.с.с, оның Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген құқықтары мен міндеттері болады. Кәмелет жасына толған азамат өз ісіне өзі жауапты.

Тура осы жасқа келген қыз бала болсын, ұл бала болсын, намаз оқи ма, шіркеуге барып шоқына ма, үйлене ме, күйеуге тие ме, хиджап кие ме, шіләпі кие ме,… өзі біледі. Ал Бас мүфти мектеп жасындағы қыздарды хиджабқа орап қоймақшы, ойын баласын балалық шағынан айырмақшы…

Мұндай басбұзар мүфтиге қашан тыйым болады?!. Қазақстан Республикасының халықтан өкілеттік алған билігі шектен шыққан мүфтиятты жөнге салып, орта ғасырдағы халифаттың шариғатын зайырлы елдің азаматтарына таңғысы келетін Бас мүфти Н.Өтпеновтың «екі аяғын бір етікке» қашан тығады?!. Қашан?!..

Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.

Facebook жазбасы.

Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.