«Дикий Арманға» сот үкімі шықты
Алматыда «Қаңтар оқиғасына» байланысты бірнеше айыпталушыға сот үкімі шықты. Олардың арасында «Дикий Арман» лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев те бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот Арман Жұмагелдиевті 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдаған.
Оған түрлі ұйымдарға мүше болуға, іс-шаралар ұйымдастыруға және бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде жазба жариялауға тыйым салынып отыр.
Сондай-ақ, ҰҚК бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға бас бостандығынан және мемлекеттік наградалардан айырылды.
Айта кетейік, 2022 жылы Алматыда полицейлер қылмыс әлемінің беделдісі Арман Жұмагелдиевті ұстаған болатын.
2023 жылы қыркүйек айында Алматы маңындағы № 72 түзеу мекемесінің тергеу изоляторында оған қатысты сот процесі басталды.