Діни надандықты әшкерелеудің жолы — олардың әрекетін күлкіге айналдыру
“Кез-келген надандықты, соның ішінде, діни надандықты, әшкерелеудің ең тиімді жолы – күлкі. Қараңғылық пен надандықты күлкіге, сықаққа айналдыру қажет” деп жазады Францияда тұратын қазақ бауырымыз Сейітқасым Әуелбеков өзінің парақшасында.
Қазақстандағы су тасқынына қарсы түрлі амалдар жасалып жатқаны белгілі. Соның бірі ұршықты кері иіру ырымын жасаған апаларымыздың әрекеті. Осыған байланысты әлеуметтік желіде талас-тартыс туындаған еді. Дін өкілдері апалардың әрекетін “ширк” деп, ұлтшылдар “бұл байырғы наным-сеніміміз” десті. Осы мәселеге байланысты қазақ қоғамының әлеуметтік желідегі әрекеттерін сырттай бақылап отырған Париждегі Сейітқасым Әуелбеков өз ойын төмендегіше өріпті. “Жөні жоқ, жолы жоқ «ұстаздыққа» қарсы тұрудың, бұл, өте тиімді жолы.
Сондықтан, мынау тірліктеріңіз (челендж) үшін мың да бір алғыс сіздерге, әпке-қарандастар!
Жазбаға қарағанда, «дін пәктігін», оның табалдырығында жатып күзетушілер, мына бір әпкеміздің ісін жаратпай, сол тұрған бойда қолынан қағыпты.
Әсіредіншілдік, тоталитарлық саяси жүйе сияқты, басқа дүниетанымдық көзқарасқа төзімсіз қарайтын жүйе ғой. Әр мәдени болмыстың мәні мен ғылыми негізін іздегеннен көрі, «Алланың атымен» кесіп тастауға, жұлып өтуге, тұншықтырып тастауға бейім тұратын жұрт.
Осы орайда, әпкеміздің ұршық иіру рәсімінің ғылыми негізіне қысқаша тоқтамақ едім.
Көшпелі өткен тұрмыстың дүниетанымдық жолдары сылтым күштерге сенімге толы. Оның сұрапыл күшін «қайтару», болмаса «қолға үйрету» сияқты, ғылыми тілмен айтқанда, амал-ошарлар қолданған. Мысалы, адам қайтыс болса, туыстарының орамалмен белін бекем бууы, қуырылған бидайды мәйіттің басынан айналдырып алып, тек мирасқорларына жегізу – соған бір мысал.
Белін орамалмен буу, өліктің басқаға «дарымауын қамтамасыз етсе», қуырған бидайды артындағы балаларына жегізу – бақ-берекенің өлгенмен бірге «көшіп кетпесінің» жол-жоралғысы.
Сол сияқты, ұршықты – кәдімгідей – оңнан солға қарай айналдырудың орнына, солдан оңға қарай иіру – бұл да магиялық және мистикалық әрекеттің бір көрінісі.
Мәні — былай. Жайшылықта, көктен түскен қар да, жауған жауын да жерді жұмсартып, оны көгертіп, мал-жанды тойдырады. Құдайдың жауын-суының мәнісі де – сол.
Бұл – халықтың жауын-шашын жайындағы түсінігі.
Бірақ, қазіргі күндері, сол жауын мен қардың суы мал-жанды көгертудің орнына, өлтіріп отыр. Демек, өз жаратылысының «қарсы» мәніне айналып, Жаратқан салған жолынан «тайып» кетті.
Осы жағдайда, адам не істеу керек? Не амал келеді қолынан?
Жауап: «теріс» бағытта кеткен қар-жауынды «оң» бағытқа бағыттауы қажет.
Жолы – ұршықты оңнан солға иірудің орнына, солдан оңға қарай иіріп, табиғи апатты, «теріске — теріс» амал қолдану арқылы, «оң жолына» қою.
Дұрыс бағытта иірілген ұршықтан бекем жіп шығады. Одан тірлікке қажетті зат жасайсың.
Ал, бұрыс бағытта иірілген ұршықтан жіп алмайсың, жөн-жолсыз кеткен суды «орнына қайтарасың».
Осы амал — әпкеміз «теріс иіріп» отырған ұршығының сылтым мәні.
Магиялық және мистикалық бұл әдеттер туралы француз этнологи және философы Жюлиен Леви-Брюль (Lucien Lévy-Bruhl) La mentalité primitive деген еңбегінде.
Әпке-қарындастарымыз есен-сау жүрсін!
Сейітқасым Әуелбековтің
Facebook парақшасынан.
Фото ашық дереккөзден алынды.