Дінкештер енді «жеті шелпекке» шабуылды үдетуде

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақтың «7 шелпек пісіру және тарату дәстүрін» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізуге де, оны қорлық сөздерден қорғауға да құлықты емес.
Қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын қорғап жүрген «Демос» қоғамдық ұйымының төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың өтінішін министрлік орындамады, «7 шелпектің» паспортын өзің дайындап бер» дегендей жауап хат жазумен жауапкершіліктен құтылып кетпек болды (хат комментте).
Ал Т.Құсайынов «7 шелпектің» паспортын дайындап, оны ЮНЕСКО-ға енгізу министрліктің міндеті» деп отыр.
Егер оның бұл талабы орындалмаса министрлікті сотқа беруге қақы бар.
Себебі, 2024 жылдың соңында ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин «Қазақтың ежелгі салттарының бірі «Беташар» ЮНЕСКО-ның материалдық емес адамзат мәдени мұрасының тізіміне енгізілді» деп сүйіншілеген.
Әрине, «Беташар» ұсынысын айтқан Ерлан Қарин шығар, бірақ паспортын жасаған ол емес, «Беташарды» ЮНЕСКО-ға жолдауға қажет репрезентациясын дайындаған Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Сонда Аида Балаева басқаратын министрлік Е.Қариннің «Беташарын» ЮНЕСКО-ға кіргізді де, Тұрарбек Құсайыновтың «7 шелпегін» сөзбұйдаға салып отыр ғой…
Шенеунік пен қоғам белсендісі заң алдында тең емес пе еді?!. Егер Тұрарбек Құсайыновтың «7 шелпек…» ұсынысын министрлік орындамаса, онда ол сотқа жүгінеді…
«Беташар» да, «7 шелпек» те дінкештер тарапынан қатты шабуылға ұшырады. «Келіннің бетін ашу әйелдің хиджабын шешіп жалаңаштағанмен тең» деп ұлттық салт-дәстүрді талақ ететін уағыз айтқандар да болды.
Радикал исламистер «Келіннің ата-енесіне, қайынағасына, қайынбикесіне,… сәлем салуы — ширк, Аллаға серік қосу» деп мыңдаған жылдан бері жалғасып келе жатқан жап-жақсы «Беташар» дәстүрімізді жоқ қылып жібермек еді…
Шүкір, зайырлы Қазақстан билігі «Беташарды» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне, қорғауына кіргізіп қойды. Осы үшін Аида Балаева мен Ерлан Қаринге алғыс!
Дегенмен, «7 шелпек» те бүгіндері дінкештердің әпербақан шабуылына ұшырап жатыр. Басқасын айтпағанда Жамбыл облысының «А» есімді тұрғыны «7 шелпегіңмен к@тіңді сүрт, маған пох@й» деп, қазақтың салт-дәстүріне қорлағаны кеше ғана.
Бірақ құқық қорғау органдары бұған назар аудармады. Сондықтан қоғам белсендісі Әсел Таухан БАҚ пен әлеуметтік желідегі жазбаларға (аудио-видео, мәтін) мониторинг әрі сараптама жасап, экстремистік сипаты бар материалды жоюға өкілеттік алған Мәдениет және ақпарат министрлігіне арызданған.
Министрлік «7 шелпекті» қорлайтын сөзден заңбұзушылық таппапты. Осылайша министрлік ұлттық-салт дәстүрді мансұқтауға, қорлауға жол ашып отыр.
Осы жауап хатқа қанағаттанбаған қоғам белсендісі Әсел Таухан Мәдениет және ақпарат министрлігі шенеуніктерінің функцияналды міндетін атқаруды талап етіп сотқа арызданды. Ол қалай да «7 шелпекті» қорғап қалмақ…
«7 шелпекті» ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне қосудың мәні зор.
Саяси-діни шетін идеологиялардың өшпенді екпініне төтеп бере алмаған кейбір елдерде адамзаттың сан ғасырлық тарихы бар материалдық немесе материалдық емес мұрасы қиратылды, жойылып кетті.
Мысалы, Сирияны «Ислам халифаты» атты террорлық ұйым шабуылдағанда Пальмирдағы ежелгі Римнің сәулет өнері ескерткіштерін қиратып тастады.
Ауғанстан билігін басып алған «тәліптер» Бамиян тауына қашап салынған Будданың мүсінін «ширк» деп зеңбірекпен атқылап жоқ қылды.
Біздің елімізде де бір дінкеш Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесін «бульдозермен сүріп тастау қажет» деп еді… Кейбір қоғам адамзат мәдениетінің тарихи мұраларын сын сағатта қорғап қала алмайды.
Қайта діни сана жаулап алған қоғам өзінің ұлттық салт-дәстүрі мен тарихи-мәдени ескерткіштерін жоюға белсене атсалысады.
Соны ескеріп, мәдени мұраларды, тарихи ескертікштер мен материалды емес салт-дәстүрді ЮНЕСКО-ның қорғауына өткізу процесі басталған.
«Беташарды», «7 шелпекті»,… ЮНЕСКО тізіміне қосу ұлттық мақтаныш ғана емес, ұлттық-салт дәстүрімізді өшпенді идеологиядан және әпербақан қаскөйлерден сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық міндетіміз. Осыны министр Аида Балаева түсіне ме екен?..
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Фото көрнекілік үшін.