Ел бюджетінен католиктерге де миллиондап ақша бөлінген

Рим папасынан басқа папа жоқ па? Зайырлы Қазақстан мемлекеттік бюджеттен католик ұйымына да қаржы бөлген!!!
Қазақстан үкіметі Конституцияны белден басып Ханафи мәзһабын ұстанатын ҚМДБ-ның 9 медресесі мен «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне білім гранты деген желеумен жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлетіні бұған дейін жазылды.
Сөйтсек, «Мемлекет діннен бөлек» деген принцип католиктердің «Каритас Казахстан» қоғамдық қорына қатысты да бұзылыпты. Салық қызметінің мәліметі бойынша, 2018 жылдан бері «Каритас Казахстан» табысынан 42 млн теңге салық төлеген.
Осының өзінен-ақ Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы бюджеттің жүздеген млн теңгесі католик ұйымының қызметіне жұмсалғанын көреміз. Мысалы, Алматы қаласы әкімдігі 2022-2024 аралығында «Каритас Казахстанмен» 78 млн теңгеге 14 келісімшарт жасаған.
ҚМДБ медреселеріне және «Қасиетті таққа-Ватикан» (Рим папасы) қарайтын католик ұйымдарына зайырлы Қазақстан бюджеттен неге қаржы бөледі? Мұнда гәп бар екен…
2012 жылы «Ислам ынтымақтастық ұйымы» жарғысын қабылдау жөнінде сол кездегі президент Н.Назарбаев қол қойып, мұның ҚР Парламенті ратификациялапты (ҚР № 570-IV Заңы).
Дәл сол жылы ҚР Парламенті 1998 жылғы 24 қыркүйекте Ватиканда жасалған «Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара қатынастар туралы келісімді» ратификациялаған (ҚР № 42-V Заңы).
Бұл екі заң да зайырлы Қазақстанның Конституциясына қайшы. Соған қарамай үкімет 9 медресеге, «Нұр-Мүбарак» ислам университетіне және «Каритас Казахстан» католик ұйымына бюджеттен қаржы бөлуді тоқтатпай келеді.
Ақиқатын айтсақ, «Ислам ынтымақтастық ұйымымен» және «Қасиетті тақпен» келісім жасау диктатор Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделін көтеру үшін жасалды, соны «Ескі Қазақстанның» жағымпаз парламенті ратификациялай салған.
Конституциялық дағдарысты шиеленістірмеу үшін «Жаңа Қазақстанның» парламенті № 570-IV және № 42-V заңының күшін жоюы тиіс.
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист.
Facebook жазбасы.
Фото көрнекілік үшін.