«Қабатов, Әлқожа мен Нұртас үшеуі де халықтан кешірім сұрауы керек» дейді заңгер
Заңгер Ләззат Рақышева 5-15 тәулікке отырып шығатын қазақстандық жұлдыздардың жағдайы бостандыққа шыққан соң қалай өзгеретінін айтты, деп хабарлайды Democrat.kz. ақпраттық порталы Azattyq Rýhy.—на сілтеме жасап.
«Заңгер ретінде айтатын болсам, бұл жұлдыздардың жасағаны — ұсақ бұзақылық. Ал оны мәдениеті төмен адам жасайды. Өзімшілдігі басым, қоғамға, қоршаған ортаның, әдептілік ережелерін елемейтін адамдар жасайды.
Ал олар Қазақстанға беделді азаматтар. Біреуі әзілкеш, екеуі әнші. Қайрат Нұртасты 7 млн адам оқиды, Қабатовтың парақшасына 2 млн адам жазылған. Жастар соларға еліктеп «Мен Қайрат ағам сияқты ән айтамын» деп шаш үлгісіне дейін өзгертіп жүр. Жастарға қандай өнеге бермек? Жас ұрпақ «бұларға барлығын жасауға болады екен, біз де жасайық» деп ойлайды. Сондықтан олардың ісі дұрыс емес», — дейді Рақышева.
Заңгер Димаш Құдайберген әлемге қазақты жақсы жағынан танытып жүргенін мысалға алды.
«Дүниежүзіне өзінің сабырлығымен, жүріс-тұрысымен, мәдениетімен Қазақстан халқын танытып жатыр. Ал бұл кісілер елде отырып осындай іс-әрекет жасауы ақылға сыймайды.
Олардың әрекеттері Әкімшілік құқық бұзушылықтың 434-бабы бойынша ұсақ бұзақылық аясында қарастырылды. Ол бір жылдың ішінде қайталанса 15 тәулік, кейін 30 тәулік қамауға дейін барады», — дейді Ләззат Рақышева.
Заңгердің айтуынша, әкімшілік құқық бұзу кезінде шетелге шығармау, виза бермеу сынды шектеулер болмайды.
«Алайда, менің ойымша, осындай іс-әрекеттері үшін жұлдыздарға арнайы бап қосу керек. Себебі жастар олардан үлгі алады. Олар үлгі болудың орнына, анайы іс-әрекет көрсетіп жатыр.
Сондықтан осы сынды жұлдыздарға әкімшілік құқық бұзуды қайталаған жағдайда заң бойынша шетелге шығармайтын шектеу енгізу керек деп ойлаймын», — дейді ол.
Ләззат Рақышева қазір заңгерлік білімге қосалқы түрде психоанализ бағытын меңгеріп жатқанын айтты.
«Психоаналатик ретінде айтсам, бұл адамдарға психологқа бару керек. Психология бойынша бұл адамдардың ішінде проблема бар. Осылайша, өздерінің эголарын, өзімшілдіктерін бақылауда ұстап үйренуі керек.
Адамгершілік деңгейін көтеруі керек. Халықтан кешірім сұрап, жастарға «біздің қателіктерімізді қайталамаңыздар, оқырмандарым, сіздерден кешірім сұраймын» деп ағаттығын мойындаулары керек. Қабатов, Әлқожа мен Нұртас үшеуі де кешірім сұрауы керек. Себебі жастар осы жұлдыздарға қарап қызығады. Мынандай іс-әрекет жасаса, несіне қызығады?!», — дейді ол.
Заңгер қазір қоғамда педофилдермен арпалысып, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресіп жатқанда жұлдыздардың осындай әрекетін талқылау ұят екенін айтты.
«Қоғамда талқылайтын, шешетін мәселе өте көп. Жастарға үлгі болатын ер-азаматтар осындай іс-әрекет жасап жүр. Бұл-өте ұят», — деп түйіндеді заңгер өз сөзін.
Еске салсақ, соңғы күндері ел алдында жүрген танымал жұлдыздар бірінен соң бірі ұсақ бұзақылық үшін 5-15 тәулікке қамалды. Оның ішінде әзілкеш Тұрсынбек Қабатов ұшақта бортсерікті балағаттағаны үшін 5 тәулікке отырып шықты. Ал ұшақта досымен төбелескен Қайрат Нұртас 15 тәулікке, жүргізуші куәлігінсіз көлік айдаған Әбдіжаппар Әлқожа 10 тәулікке қамалған болатын.
Фото көрнекілік үшін интернеттен алынды.