«Қайрат Сатыбалдының қолынан енді түк келмейді» дейді саясаткер

0
346

Саясаткер Болат Әбілов «Қайрат Сатыбалды» екінші Қаңтар ұйымдастыруы мүмкін деген пікірге қатысты ойын айтты, — деп хабарлайды Dalanews.kz

Әбіловтің сөзінше, Сатыбалдының қолынан түк келмейді.

«Ары кетсе шу жасауы мүмкін. Бірақ билікке таласуға мүмкіндігі жоқ. Қаңтар кезінде ол тек «құрал» ретінде пайдаланылды. Алаңдарда, бүкіл Қазақстан бойынша тәртіпсіздік жасаған — оның радикалды экстремист көзқарастағы адамдары.

«Назарбаев, кет» дейтін адамға әкімдікті өртеудің не қажеті бар еді? Демократиялық көзқарастағы қоғам адамдары әкімдікті басып алса, «біз Алматы әкімдігінің функциясын өз қолымызға аламыз, қаладағы барлық инфрақұрылым жұмыс істеуін бақылаймыз» дейді.

Адамдарды өлтіріп, өрт шығарып, Назарбаевтың резиденциясын өртеудің не қажеті бар еді? Оның бәрін провокаторлар істеп отыр. Бәрін әдейі істеп отыр.

Алматы өртке оранды. Бәріміз таңғалдық. Әрине, ол дұрыс емес. Бұл провокаторлардың көздегені. Сондықтан Қайрат Сатыбалдының қолынан түк келмейді.

Ол туыстық байланыстарының арқасында байыған адам. 2 миллиард доллар қайтарды. Бірақ өзінде әлі бірнеше миллиард доллар қалды деп есептеймін.

Қазір ескі Қазақстан тынышталып қалды. Келісе алғандар келісті. Келіспегеніне президент «әңгіме басқаша болады» деді», — дейді Болат Әбілов «Елмедиаға» берген сұхбатында.

Еске салайық, 3 қыркүйекте Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы бостандыққа шыққан болатын.

Журналист Михаил Козачковтың сөзінше, Қайрат Сатыбалдыұлын Самат Әбіш күтіп алған.

Айта кетейік, Самат Әбіштің өзі 8 жылға шартты түрде сотталған болатын. Сот үкімімен Самат Әбіш ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігінде (Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот жаза тағайындар алдында Самат Әбіштің кішкентай балаларының болуын және оның шын жүректен өкінуін ескерген. Ал жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмапты.

Ал Қайрат Сатыбалды қалған 3 жыл, 3 ай және 7 күн жаза мерзімін Алматыда пробациялық бақылауда болып өтейді.

16 тамызда Қайрат Сатыбалдыұлы мерзімінен бұрын бостандыққа шығатыны белгілі болды. Оның жазасын шектеу шарасына ауыстыру туралы өтініші қанағаттандырылған.

Бұл туралы Өскемен соты хабарлады.

«Өскемен қаласының №2 соты сотталған Қайрат Сатыбалдының жазасының өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын қарады. Қайрат Сатыбалды мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Сотталған өзінің өтінішхатында жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру туралы өтінішхатын беру үшін заңның барлық талаптарын орындағанын атап көрсеткен», — деп жазды сот.

Ал бұған дейін мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи белсенді түрде активтерін қайтарып жатқан Қайрат Сатыбалдыұлы бостандыққа шығуы мүмкін деп қауіптеніп, артынша оның болжамы орындалды.

Фото интернеттен алынды.