Имамды ақтау-заңды мойындамау емес пе?

0
263

Қамауға алынған Қостанайдың бас имамы қоғамды дүрліктіріп жіберді. Ішімдік ішіп, көлік жүргізген деген айып тағылған имам Бахытбекті енді ақтап алу кампаниясы басталып кетті.

Кеше әлеуметтік желілерде әр-әр тұстан «имам да пенде ғой» деген сыңайдағы майда-шүйде жазбалар бой көрсете бастады. Осы «имам-пенденің» аясында 1-2  пост та танымал азаматтардың атынан шұғыл жазылып, таратылды. Мүфтияттың баспасөз хатшысы қоғамның үнін өшіргісі келді ме, әлде басқа ниеті болды ма, «мал құлағы саңырау» деген бір ғана жазба қалдырды.

Ақтау кампаниясының атасы бүгін басталды. «Имам қымыз ішкен», «имам түнгі клубтың жанынан өтіп бара жатқан» деген сыңайдағы » видео-үндеулер» тарай бастады.

Жайшылықта әйелдермен алысуда алдына жан салмайтын Жарқын уағызшы «имамның адалдығына куәлік етемін» деп видео жолдады. Осыған ұқсас «кірпік қақпай куәлік етушілер» Тик-токта да «шауып жүр».

Мүфтияттан бастап, былайғы жұрт имамды ақтап алу акциясында бір нәрсені түсінбеген сияқты. Әлде түсінгілері келмей ме?

Айналайындар-ау, сіз ақтап отырған имам жай ғана пенде емес!  Оған имам деген статус берілген. Жай пендеден айырмасы — ол жүздеген, мыңдаған пендеге діни ақыл айтушы. Ислам дінінің қандай екенін айтып қана қоймай, өзі бірінші үлгі болуға міндетті тұлға!

Имамның ішімдік ішкені былай тұрсын, сәлдесі қисайып қалса, пендені діннен алыстатуы мүмкін. Өйткені пенде өзіне үлгі тұтқан кісінің соңынан ереді.

Екінші бір мәселе — имам кінәсіз деушілер Қазақстан Республикасының заңын, сотын мойындамайтындар болғаны ма? Шариғат емес, Ата заңға бағынған бұл елдің сот шешімі қашаннан бері көзге ілінбейтін болған?

«Қымыз ішкен» дей отырып, ресми сараптама берген шешімді де, «имам ішімдік ішпеді, жалған ақпарат таратпа» дей отырып соттың шешімін жоққа шығаратын бұл ел Ауғанстан емес, заңға бағынған зайырлы Қазақстан екенін ұмытпайық.

Имамды пенде деп ақтап алудың ең қисыны жоқ. Елдегі имамдардың өрескел, заңсыз, мәдениетсіз әрекеттері бірінші рет жарияға шығып отырмағанын ұмытпайық.

Уағыздарында жұртқа айтатын ар-ұят, Алладан қорқу дейтін дүниелерді имамның өзі белден басып жүрсе, басқадан не күтеміз?

Қазақтың қымызы болмағанда, ол имам не іштім деп ақталар еді? Сол имамның әріптестері «қымыз — харам» деп зарлап отырғанда, Қостанай жақтан «ей, қымызды ішіп жүрміз.

Қымыз — харам емес!» деген дыбысын естімеп едік. Харамға телінген қазағымның қасиетті қымызы «халалдарды құтқарып» жатқан соң, басқа не айтарсыз?!

Қанат ДАСТАН, democrat.kz

Фото интернеттен алынды.